Карантин талаптарын мұқият сақтай отыра, тағамдарды тек «алып кету, жеткізу» қағидатымен қызмет көрсетеді
Жаңадан енгізілген қаулыдағы шектеулерге сәйкес, Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындары мереке күндері тек «алып кету, жеткізу» қағидатымен жұмыс істеуге мәжбүр. Пандемия жағдайында еңбек етіп, қызмет көрсетуге әбден дағдыланған шағын және орта кәсіпкерлік иелері Наурыз мерекесі қарсаңында қала халқына ерекше ас мәзірін дайындапты. Үйге дейін жеткізіп беру қызметі тұрғындарды қандай мерекелік тағамдармен қуантпақ? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке жалғастырады.
Келушілердің өзімен бірге алып кетуіне ыңғайластырып шаһардағы мейрамханалар мен кафелер тұрғындарға дәмді тағамдар жиынтығын ұсынуда. Оның ішінде Наурыз көже сеты де бар екен.
«Бізде мәзірде сеттер көп. Наурыз көже бар ішінде, бауырсақ, сүзбелер, көп түрі бар. Наурыз көжеге сүрленген ет қосамыз. Сүрленген қазы, жая, сүйек қосамыз. Оған 7 түрлі ингредиент қосу керек. Тары, арпа, кукуруза, маш қосамыз. Қолдан иленген қамыр, сүзбе, қатық қосамыз», – деді аспаз Зайнолла Асанов.
Жұмыс қарбалас кезде, асығыс- үсігіс үлгермей жатқан сәтте мерекелік дастарханға мейрамханалардан тапсырыс берушілер де аз емес екен.
«Наурыз мерекесін отбасымен бірге қарсы аламыз. Дастарханға міндетті түрде наурыз көже, бауырсақ қойылады. Әдетте жұмыста жүріп, Наурыз көжені дайындауға уақыт жетпейді. Сол себепті де аспазханаға келіп, тағамға осыннан тапсырыс беремін. Туған-туыс болып мерекелік дастарханда бас қосамыз», – деді қала тұрғыны Жанар Челобаева.
Ал қоғамдық тамақтану орындары пандемия жағдайында жұмыс істеуге әбден дағдыланған. Карантин талаптарын мұқият сақтай отыра, тағамдарды тек «алып кету, жеткізу» қағидатымен қызмет көрсетеді.
«Пандемия жағдайында жұмыс істеуге мәжбүрміз. Коронавирусқа шалдыққандар өте көп, оның үстіне қаламыз қызыл аймақта. Сол себепті де барлық карантин шараларын қатаң ұстанып жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Тексерулер де жиі болады», – деді мейрамханалар желісінің директоры Салтанат Төребаева.
Наурыз мейрамында дастарханда тағам мол болса, сол жылы ақ мол болады деген ырым бар. Сондықтан ақ жаулықты аналарымыз дастарқанда тағамның көп болуына баса мән берген. Бәрімізге мәлім, қазір карантин талаптары күшейтіліп, тәртіп қатаңдатылды. Сол үшін де «туғандарымыздың, жақындарымыздың амандығы үшін, мейрамды отбасымен бірге үйде қарсы алған абзал» дейді дәрігерлер.
Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы