Алматы әкімдігінде ашылған «Ашық әкімдік» фронт-офисі қалай жұмыс істейді

10.06.2021 00:12

«Ашық әкімдік» күніне 150-160 өтініш қабылдайды

Almaty.tv

Алматы әкімдігінің ғимаратында «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылды. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ашылған қоғамдық қабылдау  әкімдікке жүгінетіндерге жайлы жағдай жасау үшін жасалды. Демек, барлық өтініштер «бір терезе» қағидаты бойынша қаралып, аудандық әкімдіктерге немесе тиісті басқармаларға жіберіледі. Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке айтсын.  

«Ашық әкімдік» күніне 150-160 өтініш қабылдайды. Фронт-офис өзекті мәселелерді шешуде жедел шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді әрі өтініштің қайталануының алдын алады. Мұнда электронды кезек орнатылып, барлық қызметтер цифрландырылған. Осылайша әр өтінімнің орындалу барысын көруге мүмкіндік бар.

«Осындай фронт-офистар 8 ауданда 2019 жылдан 2021 жылға дейін ашылған. 4 маусым күні Алматы қаласының ғимаратында да осындай фронт-офис ашылды. Біздің бұл жердегі ең бірінші мақсатымыз – Алматы тұрғындарына, халыққа қолайлы жағдай жасау», – деді қалалық әкім аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің жетекшісі Айгүл Ахметова.

Ашылғанына көп болмаса да, алматылықтар ашық әкімдіктің оңтайлы жұмысына бағасын беріп үлгерді. Көкейдегі сұрағымызға жауап алу әлдеқайда жеңілдей түсті дейді.

«Бәрі ашық. Бірін-бірі көріп тұрады кім немен айналысып жатқанын. Нөмір аласың, кезекке тұрасың, әрбір адамға менеджер бар. Құжаттарыңыздың бәріне жауап береді. Хатыңыздың жауабын осылай нөмермен тіркеп береді», – деді қала тұрғыны Рүстем Түбекбаев.

«Это очень удобно - не бегать по кабинетам. Тебя «вносят» в компьютер, твое заявление принимается, регистрируется, сообщается потом», – деді қала тұрғыны Людмила Бабикова.

Әкімдік ғимаратында ашылған жаңа фронт-офисте колл орталығы да бар. 1318 нөміріне хабарласып, қаланың кез келген тұрғыны өзін мазалаған сұрағына жауап ала алады. Күніне шамамен 80-90 қоңырау келіп түседі дейді мамандар.

«Негізгі біздің жұмысымыз – әкімнің атына келген өтініштерді қарау, олардың орындалу мерзімін қарау. Орындаушы мен желідегі азаматтарды біз қоса аламыз. Бізде психологтар бар жұмыс жасайтын», – деді колл орталықтың қызметкері Динара Әріпжан.

Ашық әкімдік жұмысына жастар да тартылыпты. Жұмыспен қамту орталығынан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен келген Нұрсұлтан Жақсылықов 3 маусымнан бастап өтініштерді бақылау және тіркеу бөліміне бас маман болып жұмысқа орналасқан.  

«Мен жұмыспен қамту орталығынынан Алатау ауданынан қалалық әкімдікке жолдамамен келдім. Фронт-офис қызметкерлері әр азаматтың өтініштерін жеке қарап, жедел әрі тиімді жауап алуына көмектеседі», – деді «Ашық әкімдік» фронт-офисінің қызметкері Нұрсұлтан Жақсылықов.

Алматы әкімдігінде, сондай-ақ, «Құжат айналымының бірыңғай жүйесі» орнатылған. Азаматтардың өтініштерін жедел қарауға мүмкіндік беретін «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр.  

Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы