Алматыға 16-18 см қар түсті: қар тазалау жұмыстары бойынша соңғы ақпарат

14.01.2021 00:15

6,664 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды

Акимат Алматы

Алматы қаласында 13 қаңтарда сағат 4.30-дан бастап қар жауа бастады, Қазгидрометтің болжауы бойынша кешке қарай  жауған қар тоқтады. Кешкі сағат 18.00-дегі жағдай бойынша  қалаға 16-18 см қар түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қар жауа бастаған сәттен көктайғақтың алдын алу  үшін жолдарға, қиылыстарға, жолайрықтарының кіре берістеріне мұз ерітетін материалдар себілді, сондай-ақ  жауған қар сыпырылды. Жалпы  бұл күні 6,664 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ «қалталарын», жер үсті өткелдерін, саябақтар мен скверлерді тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Қарды тазарту таулы, тау бөктеріндегі аудандарда, сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймақтарында жүргізілді.  Қалада сағат 18.00-дегі 3860 м3 қар сыртқа шығарылды.

Қар тазалайтын колонналардың қасында жол полициясы патрульдік машиналарының еріп жүрді.

Күндіз 630 арнайы техника бірлігі, оның ішінде 234 құм лақтырғыш, 1907 жол жұмысшысы қар тазалауға жұмылдырылды.

Түнде 116 самосвал жүк көлігі арқылы  қарды жаппай тазарту жұмыстары жүретін болады.Бұл іспен барлығы 614 арнайы техника бірлігі және 510 жол жұмысшысы айналысады.

Қала әкімдігі 13-14 қаңтар аралығында түнде қарды жаппай сыртқа шығару, қар тазарту жұмыстарын жедел жүргізу үшін жүргізушілерден көлігін жол жиегіне қоймауды әрі оған түсіністікпен қарауды сұрады әрі қалада қар тазартуға кедергі келтіретін көліктердің эвакуатормен басқа орындарға ауыстырылатынын да  ескертті.