Медеу - 50 жыл: Басшылық оның сапалы салынуын талап етті - сәулетші

27.12.2022 в 00:16

Спорт кешені шетелдіктердің де сүйікті демалыс орнына айналған

Медеу мұз айдынына биыл - 50 жыл. Жарты ғасыр жұмыс істеп тұрған демалыс орны алматылықтардан бөлек, шетелдіктердің де сүйікті мекеніне айналды. Атаулы датаны ұйымдастырушылар жоғары деңгейде атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Медеу мұз айдынының туған күніне мәнереп сырғанаудан аты аңызға айналған ресейлік спорт шеберлері Роман Костомаров пен Евгения Медведева арнайы келді. Ел атын шетелдік ареналарда асқақтатып жүрген Элизабет Тұрсынбаева да көпшілікке өнерін көрсетті. Сондай-ақ спорт кешенінің 50 жылдық мерекесіне орай оның құрылысын жүргізген сәулетшілер де келіп, оның тарихына тоқталды.

«Спорт кешенін тұрғызарда басшылықтың бірінші қойған міндеті - оның сапалы салынуы еді. Жалпы мұз айдынының құрылысын жүргізу шетелдік тәжірибеде де өте қиын. Оның сұлбасын сызу кезінде климаты мен ауа-райының құбылмалы болуы да ескерілді», – деді сәулетші Борис Яглинский.

Бірегей спорт кешені шетелдіктердің де сүйікті демалыс орнына айналған. Әлемге танымал Медеу мұз айдыны теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан. 11 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Алатаудың сұлу табиғатымен әсем үйлесім тапқан мұз айданына келушілер саны жылдан жылға көбейіп келеді.  

«Біз әлемнің көптеген елінде жарыста болып жүрміз. Байқағанымыздай, дәл осындай мүмкіндігі көп мұз айдыны кешені еш жерде жоқ. Медеудің орналасқан жері ерекше. Шатқалдағы жұмсақ климат, күн сәулесінің қалыпты деңгейі, төменгі атмосфералық қысым. Мұның бәрі де жарысқа қатысушыны шабыттандырады», – деді XVIII қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашева.

Соңғы жылдары спорт кешенінің қызмет көрсету аясы да кеңейген. Мұнда сырғанаудан бөлек, футбол, волейбол, баскетбол сияқты ойын түрінен де жарыс өтеді. Мұз айдынында 120-дан астам әлемдік рекорд орнатылды. 2017 жылғы Универсиада, 2020 жылы сырғанаудан әлем кубогының финалы да осында ұйымдастырылды.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы