Кездесуде 200-ге жуық тұрғын сұрағына жауап ала алды
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданына қосымша 875 млн теңге бөлінді. Осылайша, тұрғындардың оң пікірін алған бастама арқылы биыл мұнда 67 жоба жүзеге аспақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2,5 сағатқа созылған кездесуде тұрғындар негізінен аудандағы инфрақұрылымның жайына көп шағым айтты. Әр азаматты жеке қабылдаған әкім жауапты басқармалардан жауап алып, мәселенің мейлінше тез шешілуін қадағалайтынын жеткізді. Қалқаман-2 шағынауданының тұрғыны құбыр саламыз деп түзу жолды қазған компания жылдар бойы жұмысын реттемей келгенін атап өтті.
– Бұл жерге астына су, кәріз құбырын тартып қойған. Былтыр асфальт төселуі керек еді. Бірақ ақша бітіп қалды. Жанымда «Алматы Су» мекемесінің жігіттері тұр, оларға әлденеше рет барып, мәселенің шешілуін сұрап ек, – деді қала тұрғыны Ардақ Сыдық.
«Қайта қазып, сол күйі жөнделмеген жолдан көрген азабымыз көп» дейді тұрғындар. Оның үстіне, бір емес, алты көшенің жайы - осы. Ал уәденің берілгеніне 3 жылға жуықтаған. Жұмыс әлі басталмаған. Әкім де, әкімдік те мұндағы 6 көшенің жайынан хабардар. Тиісті тапсырма берілген, қаражат та бөлінген.
– Екі айдың ішінде, шілде айының соңына дейін жұмыстарды аяқтаймыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Электр желілерін жаңарту мен жол инфрақұрылымын жақсартуды сұраған тұрғындар түрлі мәселені кездесуден тыс, жазбаша жазып қалдыруға да мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұған дейін айтылып, бірақ жауапты орындар тиісінше орындамаған жұмыстар да ортаға салынды.
– Мен Қалқаман-2 шағынауданында тұрамын. Жыл бойы салқын су неге аз? Себебін білсек? – деді қала тұрғыны.
– Айтылған мекенжайды тексеріңіздер. Бүгінгі мәселені тізімге енгізіп қойдым. Екі апта уақыт берем, тексеріп, нәтижесін айтыңыздар, – деді қала әкімі.
Биыл Наурызбай ауданында жоғарыда аталған мәселенің бәрін шешу үшін нақты жоспар құрылып, бағыт берілген. Ал кездесуде жолдың жайынан бөлек, тұрғын үйлердің сапасы мен су, жылу желілерінің жұмысына көп шағым айтылды. 2,5 сағатқа созылған жиында 200-ге жуық тұрғын сұрағына жауап ала алды. Айта кетейік, келесі кездесу Алмалы ауданында өтеді деп жоспарланып отыр.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы