Қаңғыған иттер мәселесі қатаң бақылауға алынады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Жетісу ауданы тұрғындарына 875 миллион теңге бөлінді. Ал Кемел шағынауданында жаңадан су және кәріз құбырлары салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласына қосылғанына бірнеше жыл болған Кемел шағынауданы тұрғындарының қордаланған мәселесі көп. Тұрғындардың айтуынша, тіршілік нәрін жекеменшік компанияға қарасты су мұнарасынан алады. Оның өзі ескіргендіктен кейде істен шығып қалатын көрінеді.
– Барлық су мұнаралары жарықтың көмегімен жұмыс істейді. Ауданымызда жарық сөнсе, тіршілік нәрінсіз қаламыз. Егер орталықтандырылған су және кәріз жүйесіне қосылсақ, дәл мұндай мәселе туындамас еді. Жарықсыз қалсақ та, судан қағылмайтын едік. Қайта қазір бүкіл Кемел шағынауданында электр желілерін ауыстырып жатыр. Енді керегі – су, – деді қала тұрғыны Татьяна Коновалова.
Халық күтуге дайын. Тек жұмыстың сапалы жасалғанын қалайды. Биыл Кемел шағынауданында ұзындығы 80 шақырымдай болатын 33 көшеге орталықтандырылған су және кәріз жүйесі салынады. Ауқымды жоба маусым айында басталып, 2024 жылдың 2-тоқсанында аяқталады.
– Біз байқау өткізіп, құжаттарға қол қоюға дайынбыз. Бірақ осы жерде мемлекеттік сатып алу заңының бар екенін білесіз. Бюджеттің ақшасы тек конкурс арқылы алынады. Сондықтан кейде бұл процесс біршама уақытты алады. Биыл Кемел шағынауданының оң жағын, келесі жылы сол жағын сумен қамтимыз. Биыл асфальттау жұмыстарына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Қаңғыбас иттердің мәселесі қашанда өзекті. Алматыда үйір болып жиналып, халықтың үрейін ұшыратын төрт аяқтылармен күрес жүргізіліп жатыр. Дүйім ел сонда да бұралқы иттерге қатысты шағымын айтты. Өйткені олар жергілікті билік «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сүйеніп, ауламайды деп қынжылды.
– Көкжиек ықшамауданында үлкен бала түгілі, үлкендер жүре алмайды. Сабаққа бара алмайды. Неге? Қаңғыбас ит өріп жүр. «Ол иттерді бір аптадан соң келіп алып кетеді» деген еді, олай болмады, бір жылдан бері күтіп жүрміз, – деді тұрғын.
– Иттің мәселесіне қатысты 5 арнайы техника алдық. Бірақ енді заңнамалық өзгерістерге сәйкес, чип қойылғаннан кейін оларды көп ұстай алмаймыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ағайынның арызын арқалай келдім деген Көкжиек шағынауданының тұрғыны бірнеше мәселені көтерді. Айтуынша, балалар ойнайтын алаң да, үйдің қасбеті де әбден ескірген. Тоз-тозы шыққан жерде тұрудан ұяламыз деген қарт кісі қала әкімінен жөндеуге көмек қолын созуын сұрады. Ал алаң мәселесі «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында шешіледі.
– Жылдан жылға жақсарып келеді, әкімдік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз. Енді адамдар демалатын орын салып берсеңіздер. Біздің тұрғын үйлер 14 жыл бұрын салынған, тозып кетті. Сыртында жөндеу жұмысын жасай аласыздар ма? – деді тұрғын.
– Бұл мәселеге қатысты ПИК бастығы мен әкімшілік көмегін береді. Қаланың бюджетінен қаржы бөле алмаймыз. Бірақ 15 жылға арналған несие бере аламыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев
Жетісу ауданы тұрғындары кездесуде түрлі саладағы сауалын қойып, қала әкімінен бірден жауап ала алды. Ал дүйім ел шаһар басшысының халық алдына келіп, арызын тыңдауын өте орынды деп бағалады.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы