«Ынтымақ – бұзылмайтын қорған». Сондықтан мемлекеттер ынтымақтастығының нығайып, достық қарым-қатынастың сақталуы маңызды. Алайда әр елдің экономикалық, ұлттық қауіпсіздігі ескерілуі қажет. Мәскеуде өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты сарапшылар осындай пікір айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәскеуде өтіп жатқан алқалы жиын қазір қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атауымен өтіп жатқан форумда одаққа мүше елдер өз ұстанымын айтты. Өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте стратегияның маңызды екенін, алайда мемлекеттер құқығы тең болуы қажеттігін баса айтқан еді. Мұны экономист мамандар құптап отыр. Сөздерінше, екі ел арасындағы достық маңызды. Сауда-саттық, тауар айналымы, көші-қон, ынтымақтастық мәселелері оңтайлы жалғасын табуы қажет. Сондай-ақ олар «саясатты экономикамен араластырудың қажеті жоқ» деп атап өтті.
– Сырттан әкелінген тауарлардың кедендік салығынан түскен қаражат Еуразиялық экономикалық комиссияның бюджетіне түседі. Содан соң ол қаржы елдер арасына бөлінеді. Ол қаржыдан Ресей 85 пайызын алады, ал Қазақстанның алатыны 7 пайызға да жетпейді. Бірақ соңғы жылдарды қарасақ, Ресейге санкциялар салынып жатыр, Беларусь елі де санкцияның астында қалып жатыр. Негізгі тауар жеткізіп беруші Қазақстан болып тұр. Соның өзінде 7 ғана пайыз болып қала беруі керек пе деген сауал туындайды. Міне, осы процестердің барлығын қарасақ, Қазақстан ұтылып жатыр. Сондықтан Президенттің осылай батыл айтып жатқан ойлары дұрыс, – деді экономист Мақсат Халық.
Ал саясаттанушылар Еуразиялық экономикалық одақ бастапқы келісімге сәйкес жұмыс істеуі керек дегенді алға тартты. Өйткені бұл ұйымға мүше елдердің нарықтық экономикасының шеңберін кеңейтеді. Қазір еліміз Еуропа мен Азияның ортасында қалыптасқан «алтын көпір» іспеттес әрі көршілес ірі державалармен терезесі тең қарым-қатынас жасап отыр. Мәселен Қытаймен «Бір ел – бір белбеу» саясатының жүзеге асуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады» дейді. Бұл одақ елдері үшін де тиімді болмақ.
– Интеграциялық ұйымдардың құрылуының ең негізгі мақсаты – ғаламдық экономикалық дағдарысқа төтеп беру және әр мемлекет өзінің егемендігін сақтау. Бұл Президентіміздің «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деген сөзінің жаны бар екенін көрсетті. Еш уақытта асығыс пікір айтып, асығыс шешім қабылдамау жөнінде ескертіп айтты. Сондықтан да Қазақстанның бұл ықпалдастықта, интеграциялық процесте өзінің көзқарасының, ұстанымының бар екенін Президент ашық айтып берді, – дейді тарихшы, саясаттанушы Жомарт Симтиков.
Айта кетейік, форумда елімізден бөлек, Қырғызстан мен Армения көшбасшылары да қауымдастықтың бастапқы жарғысында не айтылды, тек сол бағытта, экономикалық мүддемен жұмыс істеуді және интеграцияны да осы бағытта тереңдетуді қолдап отыр.
– Президент осы тұрғыда еліміздің ұлттық мүддесін көрсете білді. Себебі бұл жерде аймақтық деңгейдегі, экономикалық бағыттағы интеграция, нәтижелер, жаңа технологиялар, жаңа тауар айналымы, жаңа логистикалық немесе кедендік жеңілдіктердің орнығуына байланысты мәселелердің өрбуіне терең көңіл бөлу керек, – деді саясаттанушы Мақсат Жақау.
Әзірге Еуразиялық экономикалық комиссияда шарттық ережелерді іске асыру және одан әрі жоспарлау бойынша тұрақты жұмыс жалғасуда. Ал сарапшылар ұсынылып отырған бұл жобалар мен бастамалардың Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан жаңа сын қатерлері де, тиімді жақтары да бар екенін айтып отыр.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы