Медеу ауданының тұрғындары аула ішіне биік көпқабатты үйдің салынуына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, аз уақыттың ішінде үй маңына ойдым-ойдым шұңқыр қазып, тұрғын үйдің іргетасын да қалап қойыпты. «Мәселені бірнеше басқарма басшыларына жеткізсек те, нәтиже болмады» дейді тұрғындар. Бұл сауал "Алматы" арнасының тікелей эфирінде өткен әкіммен есептік кездесуінде де қойылды. Ал, шаһар басшысы мәселенің мән-жайын анықтап, істі бақылауына алатынын жеткізді.
Медеу ауданы жұрты архитектуралық шешім тұрғындарымен келіспей қабылданбағанына наразы. Олар аулаға көпқабатты үй салмақ түгілі, жеңіл көлік қоятын орынның жоқ екенін айтады. Оның үстіне қауіпсіздік ережелері де ескерілмеген.
«Құрылыс басталғалы қызметтік көліктердің кіріп-шығуы қиындады. Ауданымызда қарт кісілер көптеп тұрады. Жедел-жәрдем көлігі аулаға қалай айналып кірерін білмейді», – дейді Медеу ауданының тұрғыны Шынар Байтасова.
«Құрылыс жүрген кезде үйіміз дірілдеп, кедергі келтіреді. Салдарынан үйдің іргетасына зақым келеді ма деп қауіптенеміз. Одан бөлек, кешкі уақытта сыртқа шығып аулада отырудан қалдық. Айнала шаң-тозаң, серуендеу мүмкін емес», – деді Медеу ауданының тұрғыны Мәдина Мәменова.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары өткен жылдың жазғы маусымында басталған. Содан бері аула ішіне күндіз-түні ірі жүк көліктері кіріп шығып, әбден мазамызды алды деп отыр. Наразылық танытқан олар "Алматы" арнасының тікелей эфирінде өткен қала әкімінің есептік кездесуіне телефон арқылы хабарласып, мәселені шешіп беруін сұраған еді.
Эфир аяқтала сала әкім мәселені өз көзімен көрмекке, өтініш түскен мекенжайға бірден жетті. Тұрғындар және мердігер компания өкілдерімен тілдесті. Екі тарапты бірдей тыңдаған Бақытжан Сағынтаев құрылыс жұмысын уақытша тоқтатты. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.
Қазір құрылыс жұмыстары толығымен тоқтатылған. Байқағанымыздай, тұрғын үй кешені айналасы үлкен қақпамен қоршалып, есігі жабылған. Адам баласы жолай алмайды. Ал, жоспар бойынша бұл жерге мердігер компания өкілі көпфункцианалды 12 қабатты тұрғын үй салмақшы екен.
Нысанның төлқұжатында құрылыс жұмыстарының қашан аяқталатын уақытына дейін көрсетіліп қойған. Келер жылдың шілде айында тұрғын үйді тапсырмақ ниетте. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, талдау жұмыстары басталып кеткен.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, «Алматы» телеарнасы