Алматыда күн сайын 4 мыңнан аса тұрғын жедел-жәрдем көмегіне жүгінеді

25.06.2020 03:41

Бұл – медицина қызметкерлерінің пандемиямен күресте кездесетін қиындықтарының бірі ғана

Almaty.tv

Алматыда да жедел медициналық жәрдем қызметіне келіп түсетін қоңыраулар саны екі есеге ұлғайған. Карантин енгізілгелі жедел-жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер саны күніне 4 мыңнан асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – медицина қызметкерлерінің пандемиямен күресте кездесетін қиындықтарының бірі ғана. Ал, адам өміріне жауапты жедел жәрдем мамандары тағы қандай ауыртпалықтармен күресуде?

Ерболат Тоқтамұратов – медицина саласында 7 жылдық тәжірибесі бар дәрігер. Ол елде төтенше жағдай енгізілгелі жедел жәрдем қызметінде ауыр халдегі науқастарға алғашқы көмек көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта қауіпті індетті жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты жұмыс ауырлай түскенін айтады.

«Коронавирус болмай тұрған кезде шақырулар саны кішкене аздау болатын. Осы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап індет келгелі бері шақыртулардың саны біршама өсті деп айтуға болады. Күннің температурасы 39-40 градусқа дейін болады және де соның сыртынан арнайы жасақталған форманы киеміз. Өте ыстық болады, ауа жетіспейді. Әрі өте жылдам жұмыс істеуіміз керек», – деді жедел жәрдем дәрігері Ерболат Тоқтамұратов.

Қазір қала бойынша жедел жәрдем көліктері қатынайтын 12 қосалқы станса бар. Бұған дейін мегаполисте 10 мың адам басына шаққанда 1 көлікке сай келетін барлығы 177 жедел жәрдем машинасы жұмыс істейтін. Қазір пандемияға байланысты тағы да 17 көлік алынған. Ал, 24 сағат тынымсыз еңбек етіп, жауапты сәтте әрбір азаматтың өмірін сақтап қалуға септесетін мамандар саны 3 жарым мыңға жетеді. Жай күндері жедел-жәрдемге 2000-ға жуық адам хабарласса, қауіпті індет өршігелі 2 есеге өскен.  

Бұл – қалалық жедел мелициналық жәрдем қызметінің жүрегі, яғни ақпараттық жедел диспетчерлік бөлім. Мұнда мегаполис бойынша хабарласқан тұрғындардың барлық қоңырауы келіп түседі. Әрбір қызметкер 1 қоңырауды ең көп дегенде 2 минут қабылдап, эвакуатор бөліміне жолдаған соң, бірден жедел жәрдем бригадасы көмекке жөнелтіледі.

Жедел жәрдем қызметі науқастардың тұрғылықты мекенжайы мен жағдайының нашарлық дәрежесі бойынша 4 бағытта жұмыс жасайды. Ал, дәрігердің айтуынша келіп түсетін  қоңыраулардың басым бөлігі респираторлық ауру белгілеріне ұқсас шағымдар екен. Алайда қауіпті індетке шалдықтым деп дүрбелең тудырып, жедел жәрдемді шақырған тұрғындардың көбісінде коронавирус белгілері «теріс» нәтижие көрсеткен жағдайлар да көп.

«Бізге келіп түскен әрбір қоңыраудың нәтижиесінде азаматтарды ауруханаға жеткізумен шектелеміз. Кей жағдайда науқастарды үйде қалдырамыз немесе активтерді емханаларға жолдап отырамыз. Ал, жедел жәрдем қызметі науқасты үйде қалдырған болса, жергілікті емхана дәрігерлері пациентпен қашықтан қоңырау немесе басқа да байланыс түрлерімен хабарласып, жағдайын біліп, ем-шараларды тағайындап отырады. Яғни, науқас ауыр халде болса ғана, біз ауруханаға жеткізуіміз міндет», – деді қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Біржан Оспанов.

Қалалық жедел медициналық қызметте қазіргі таңда 200 бригада жұмыс істейді. Ал, дәрігерлер тұмау белгілері болса, тек емханадағы терапевт мамандарға хабарласқаны дұрыс дейді. Ал, коронавирустың симптомдары байқалса, бірден жедел жәрдемнің көмегіне жүгінуге болады.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы