Патрульдік полиция полкі құрамының үштен бірі жаяу патрульдеуге көшірілді
Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфир кезінде қоғамдық орындардағы қылмыстардың алдын алу жұмыстары және полицияның жаңа рөлі жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Б. Сағынтаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыспен күресу мақсатында қала әкімдігінің профилактикалық жұмыстар жүргізуге жете мән беретінін атап өтті. Мұнда қала тұрғындары мен қала қауымдастығының ұйымдастыруы маңызды. ПИК және МИБ-термен бірге қоғамда бақылауды, көршісінің қауіпсіздігі, құқық бұзушылық оқиғалары туралы дер кезінде хабарлап отыруды қалыптастыру қажет.
Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдік қызметке жете назар аударылуда.
Патрульдік полиция полкі құрамының үштен бірі жаяу патрульдеуге көшірілді.
Бұл шара өзінің тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда қылмыс 3,8 есеге азайды - 4561-ден 1185 жағдайға дейін. Жақын арада полк жеке құрамының 50%-ына дейін жаяу патрульдеуге ауысады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осыған орай Алматы полициясының қызметі қайта құрылып, қызметтің сервистік моделіне баса назар аударылатынын атап өтті.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жайлы әрі түнгі жарығы бар қаланың абаттандырылуы маңызды рөл атқарады. 2018 жылдан бастап қалада көше шамдарының саны екі есеге артты. «Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында өткен жылы 1400-ден астам көше жарықпен қамтамасыз етілді. Биыл 601 көшеге жарық орнату жоспарланған, оның 69%-ы бүгінгі күнге дейін жарықтандырылды. Қаланы жарықтандыру жұмыстары келер жылы да жалғасады. Сонымен қатар, қаладағы ішінара жарығы жоқ 1066 көшені мен учаскені, сондай-ақ 487 ауланы жарықтандыру жоспарлануда.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды мәселенің бірі есірткінің таралуына қарсы күрес. Жыл басынан бері 3 наркологиялық зертхана анықталды, қылмыстық топтардың 13 мүшесі қамауға алынды, есірткінің 15 кг әр түрі тәркіленді.