Алматыда 15 мыңнан астам ұстаз білім беру платформаларында жұмыс істеуге дайын

01.09.2020 00:24

Қашықтықтан білім алу үшін техникалық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында интернет жылдамдығын арттыру бойынша да жұмыстар жалғасуда

Алматыда 15 мыңнан астам ұстаз білім беру платформаларында жұмыс істеуге дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұстаздар БІЛІМ ЛЭД, ОПИК, КҮНДЕЛІК, МАЙКРОСОФТ ТИМС сияқты онлайн оқытуға арналған бағдарламалардан дайындықтан толық өтті. Одан бөлек, қашықтықтан білім алу үшін техникалық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында оқушылар ноутбуктермен қамтылуда. Елімізде компьютерлік техниканы сатып алу барлық өңірлерде жүргізіліп жатқандықтан, оны білім ошақтарына жеткізу қыркүйектің 15-іне дейін жүзеге асырылады. Мұғалімдер мен оқушылардың интернетке қол жеткізу мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде.

«Қаланың барлық мектептері жеткізілкті мөлшерде дезинфекциялық, санитарлық құралдармен қамтамасыз етілді. 1-2-інші сыныптарда 193 кезекші топ ашылды. 1977 бала сабақ оқитын болады. Кезекші сыныптарға созылмалы аурулары жоқ балалар қабылданады. Ата-аналар санитарлық қауіпсіздік құралдармен қамтамасыз етеді», –  дейді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ляззат Жылқыбаева.

Қашықтықтан білім алу үшін техникалық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында интернет жылдамдығын арттыру бойынша да жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте цифрландыру басқармасы мобильді операторлармен тығыз байланыс орнатып, 169 нүкте бойынша интернет желісін күшейтуде.

«1 маусымдағы жағдай бойынша біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты байланыс инспекциясымен бірге 169 нүкте белгіленіп, бөлінген болатын. Қосымша нүктелер халықпен ақылдасып, шешілген еді. 141 локация нүктесінде негізгі стансалар бойынша мобильді байланыс күшейтілді. Бүгінгі таңда 12 нүктеде жұмыс жүргізілуде. 3 ай ішінде 21 нүктеде жаңа антенналар орнатылды. 25 локация бойынша құрылыс жоспарлануда», – дейді Алматы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.