Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирде қалалықтардың мектептерге, балабақшаларға, медициналық мекемелерге, спорттық кешендерге деген сұранысын қамтамасыз ету міндеттерін шешу туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі атап өткендей, «Алматы - 2050» Стратегиясында белгіленген «Шетсіз қала» қағидаты әлеуметтік инфрақұрылымды қадамдық қолжетімді жерлерде салынатын ауқымды құрылыстар арқылы жүзеге асырылады.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, түрлі нысандарды: мектептерді, балабақшаларды, медицина мекемелерін, спорттық кешендер мен нысандарды салу мен реконструкциялауда серпіліс жасау міндеті қойылып отыр.
Бұл Алматы қаласының тұрғындарының тез өсуіне байланысты. Тек соңғы 10 жылда қала аумағы екі есге өсті, ал Алматы агломерациясының халқы бүгінде 3 миллионнан астам адамды құрайды. Оның үстіне, халық саны табиғи жолмен өсуде, жыл сайын 30-35 мың жаңа туған нәресте өмірге келуде,сондай-ақ ішкі көші-қон да едәуір ұлғайюда.
Демографиялық процестердің нәтижесінде 10 жыл ішінде қалада мектеп жасына дейінгі балалар саны 79 мың балаға артты. Мектепке дейінгі ұйымдарға 1-6 жас аралығындағы 45 мыңнан астам бала, 3-6 жас аралығындағы 21 мың бала кезекте тұр. Осы уақыт ішінде мектеп оқушыларының саны 120 мың адамға өсті. Бүгінде орташа жылдық өсімнің 12 мың оқушыға артуы барысында мемлекеттік мектептердің 40%-ының жүктемесі ұлғайған.
Сондықтан, бүгінде әкімдік алдындағы кезек күттірмейтін басты міндет – қаланың мектепке дейінгі және білім беру орындарына деген сұранысын толық жабу, тым болмаса таяу жылдар ішінде.
Осыған орай, білім беру нысандарын жеделдетіп салудың үш жылдық арнайы Бағдарламасы қабылданды.
Өткен жылы 670 орынды 4 мемлекеттік күндізгі ясли-бақша және 1,3 мың орынды 48 жеке мектепке дейінгі ұйым салынды. Бұлардан өзге, 640 орынды 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, ұзақ мерзімді жалға беруді қайтару әрі сейсмикалық нығайту мен күрделі жөндеуден кейін 315 орынды мемлекеттік балабақша ашылады.
Мектепке дейінгі орындардың тапшылығын азайтуға шағын бизнес белсенді қатысуда. Тек биылдың өзінде 5 мың орынды 65 жеке балабақша ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, 2,3 мың орынды 10 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, оларды салатын орындар анықталуда.
Мектепке дейінгі білім берудегі тағы бір маңызды мәселе – ата-аналардың ақы төлеуі. Үкімет біздің жеке балабақшалардағы қосымша қызметтердің бюджетін ішінара өтеу туралы бастамамызды қолдады, бұл оларды қолжетімді етуде.
Баламалы шешім ретінде балалары кезекте тұрған отбасылар үшін ваучерлі тетіктің критерийлері анықталуда, олар – аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жас отбасылар, мүгедек ата-аналар, жалғызбасты аналар.
Қазір осы мәселеге қатысты дайындық жұмыстары жүруде әрі бұл тетік алғаш рет Алматыда іске асатын болады, соның арқасында мектепке дейінгі білім берумен қосымша 5 мың баланы қамтуға мүмкіндік туады.
Орта білім беру саласында мектептер салу және модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 15 жаңа мектеп және қолданыстағы 21 мектептің жанынан 22 мың орынды қосымша нысандар салынды. 2020 жылы Әуезов және Түрксіб аудандарында 2 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді (1800 орын), қолданыстағы мектептер жанынан 5 қосалқы нысан (2017 орын) іске қосылды және 5,2 мың орынды 2 жекеменшік мектеп (1390 орын) пайдалануға берілді.
2021 жылы бюджет есебінен Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12,6 мың орынды 8 мектеп салынуда. Мектептер жанынан 8,2 мың орынды 17 қосалқы нысандар салынуда. Оқу үдерісін жақсарту үшін инвесторлар да тартылуда. Биылдың өзінде 1700 орынды 6 жекеменшік мектеп ашылатын болады.
Нәтижесінде 2021 жылы мектептердегі орын тапшылығы 73% немесе 22,6 мың оқушы орынға қысқарады. Оның үстіне,мұғалімдер мен басқа мамандарға 1,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдары 6 мыңға жуық оқушы орынға арналған тағы 14 жобаны іске асыру жоспарлануда.
МЖӘ аясында қосымша 8 мектеп салынады және реконструкцияланады. Таяудағы 2 жылда тағы 6,3 мың оқушы орын ашылатын болады.