Алматылықтар жерге байланысты құжаттарын онлайн рәсімдейтін болады

almaty.tv
almaty.tv
Басқарманың жұмысын 2021 жылдың соңына дейін толықтай цифрлық жүйеге көшіру жоспарланып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар енді жер мәселесі аясындағы кез келген қызмет түрін тек бір ғана сайттан алатын болады. Онымен қоса, шаһардың 3D картасына қызыл жолақ, инженерлік желілердің қуаттылығы, тіпті желдің бағыты сияқты пайдалы ақпарат енгізіледі. Геопорталды қашан толыққанды пайдалана аламыз? Оның басқа қандай артықшылықтары бар? Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына барып қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.

Мегаполистің 3D форматындағы кескінін басшылықтың сайтынан көруге болады. Миллиондаған нүктелері бар бұл карта 200 қабаттан тұрады екен. Сондықтан бейнені үлкейту арқылы кез келген ғимаратты жақыннан қарауға мүмкіндік бар.

Геокескіндегі нысандарды барынша айқын көрсету үшін қаланың бар аумағы  аэрофото, дрон сияқты технологияларымен толықтай сканерден өткен. Қазір порталда ғимараттар мен құрылыстар, инженерлік желілер, көшелер мен су нысандары, сондай-ақ, саябақтар туралы ақпарат бар.

Басқарманың жұмысын 2021 жылдың соңына дейін толықтай цифрлық жүйеге көшіру жоспарланып отыр. Нәтижеде мемлекеттік қызметке жүгіну уақыты қысқарып, барлық келісімдер ашық түрде өтеді. Қазірдің өзінде порталда сәулеттік жоспарлау қызметі қолжетімді.

«Біз Алматы қаласының тұрғындарына бір электронды парақша ғана арқылы жер телімін алып, түрлі құрылыс құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік бергіміз келеді. Осы геопортал арқылы су жүргізу сияқты мәселелерді де қарастыруға болады. Яғни, басқа сайтқа немесе ғимараттан ғимаратқа барып әуре сарсаңға салынудың қажеті жоқ. Біз барлық қызметтерді бір парақшада ұсынуды көздеп отырмыз», – деді қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Батырхан Сүлейменов.

Геопортал толыққаннан соң жер телімдері мен ғимарат құрылыстарына қатысты барлық құжаттарды онлайн алуға болады. Сондай-ақ, картаға әр ғимараттың электронды паспорты енгізілмек. Тиісінше тұрғындар жобалардың эскизіне байланысты сұрақтар туындаса, үйде отырып-ақ алдын ала келісе алады.

Сымбат Ноғай, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров