Жыл басынан бері Алматының Бостандық ауданында 14 шақырым жол жөндеуден өтті. Қараша айының соңына дейін 9 шақырымнан аса жол жаңартылмақ. Бұл туралы жергілікті әкімдік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бостандық ауданы тұрғындарын инфрақұрылымдық желілер мен ескі үйлерді сүруден бөлек, тозығы жеткен жолдарды жөндеу мәселесі де толғандырады. Шамамен 3 сағатқа созылған жиында жұрттың жеткізген базынасы да осы еді. Тұрғындардың уәжіне құлақ асқан қала билігі бірден шаруаға кірісіп, бүгінде жаңартылған тас жолдарды халық игілігіне берген.
Саин көшесінен бастау алып, Мирас шағын ауданына дейін созылған аймақта жөндеу жұмыстары мамыр айында жүргізілген. Ал Нұрлы жол көшесінің мына бөлігі бұған дейін бос жатқан жер еді. Жұртшылық оны көлік тұрағы етіп жасауды өтініпті. 1 айдың ішінде 300 шаршы метр аумақ асфальтталып, жолға жабынды төселген.
«Жарамсыз болса да, жүргізушілер көліктерін осында қоятын. Бірақ жаңбыр жауса болды, кіріп-шығу мүмкін емес еді. Біздің сұрауымыздан кейін заманауи тұраққа айналды. Әкімдік өкілдеріне алғыс айтамыз», – деді кооператив мүшесі Надежда Соколова. .
Орташа жөндеу жұмыстары Биокомбинатская көшесіне де жүргізіліпті. Құбырлардың ескіруіне байланысты жөндеу жұмыстары жиі болатындықтан жолдың сиқы кеткен еді дейді жұртшылық. Бүгінде 330 метр аумақтың тас жабындысы жаңартылған.
«Тұрғындардың атынан талап айтып, өтініш жасадық. Әкім жіберген жол жасаушылар келіп, 1 айдың көлемінде жолдың бәрін жасап, әдемілеп берді. Балалар жақсы жолмен жүріп, тұрғындар ризашылығын білдіріп жатыр», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Мархабат Жұмабаева.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір халықтың сұрауынан бөлек, өзге де игі шаруалар қолға алыныпты.
«Бостандық ауданы әкімінің тарапынан Алматы қалалық мобильділік басқармасының тапсырыыс бойынша 2022 жылы 17 көше жасалынды. Ұзындығы 14,5 шақырым. Екінші кезеңмен қазіргі кезде 9,5 шақырым 4 көше жасалынады деп жоспарлап отырмыз. Қараша айына дейін жұмыстар аяқталады», – деді Бостандық ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Арман Мизамбеков.
Айта кету керек, әкімнің аудан халқымен алғашқы кездесуі сәуір айында өткен еді. Ал кешегі кездесуде шаһар басшысына 70-ке жуық сұрақ қойылып, жазбаша өтінімдер де қабылданды. Алдағы уақытта бұл түйткілдер кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы