Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына біршама өзгерістер енгізілді
Пандемия кезінде ешбір алматылық кәсіпкер қолдаусыз қалған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейбір нысандар жұмысын уақытша тоқтатса, енді бірі санитариялық нормаларды қатаң сақтап, жұмысын жалғастырды. Айт кету керек, биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына біршама өзгерістер енгізілді. Яғни, сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызға төмендетіліп, салалық шектеулер алынып тасталды. Бағдарлама аясына 167 жоба мақұлданды. Ондағы мақсат – ақсап қалған бизнесті тік тұрғызып, алға жетелеу.
«Қазіргі уақытта осы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 4,4 миллиард теңге қосымша бөлінді. Сонымен қатар, тек қана Алматы қаласында жұмыс істейтін біршама мемлекеттік бағдарламаларымыз бар. 4 мемлекеттік бағдарлама қазіргі уақытта «Алматы бизнесі» деп аталатын өңірлік бағдарламаға біріктіріліп, сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызға дейін түсірілді», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әсем Мақашова.
Одан өзге Алматыда Төтенше жағдай кезінде арнайы портал іске қосылып, барлық кәсіп иесі жан-жақты мағлұмат алып отырды. Бизнес саласындағылардың блок-бекеттерден өту мәселесі, төтенше жағдайдан кейін қайта ашылуға өтініш беру сынды сұрақтар да осы сайт арқылы жүзеге асырылды. Және онда әр салаға қатысты шығарылған санитариялық қаулылар да жаңартылып тұрды.
«Елімізде енгізілген Төтенше жағдай мен күшейтілген карантин режимі кезінде кәсіпкерлердің негізгі проблемасы кәсібін қайта жаңғырту мен қалада жүріп тұруы болды. Осы орайда, infoalmaty.kz сайты белсенді жұмыс атқарды. Ол яғни, барлық бизнес өкілдерін бір базаға тіркеу және олардың жұмыс істеуіне рұқсат беру», – деді Infoalmaty.kz порталының кураторы Нариман Ибрагимов.