Алматының арбатында Наурыз мейрамы айрықша аталып өтті

22.03.2022 01:23

Әуелетіп ән шырқап, ұлттық ойын ойнағандардың, би билеп, күй шерткендердің қатары аз болмады

Almaty.tv

Бүгін Алматының арбатында да Наурыз айрықша аталып өтті. Сағат 11.00-де басталған іс-шаралардың легі кешкі 17.00-ге дейін жалғасып, көпшілікті ән мен күйге, ерекше сезімге бөледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Әуелетіп ән шырқап, ұлттық ойын ойнағандардың, би билеп, күй шерткендердің қатары аз болмады. Қайда барсаң, қазақы нақыш сезіледі. Ал бастапқыда концерттік бағдарламаны тамашалағандар кейіннен ұлттық әшекей-бұйымдар мен қолөнер көрмесіне де куә болды.

«Бүгінгі Ұлыстың ұлы күнінде өтіп жатқан осы іс-шарада бәрі ұнап жатыр. Қазақ күресінен жарыс болып жатыр. Ана жерде кір тасын көтеріп жатыр. Сонымен қатар, эмоцияға толы қошқар көтеруден жарыстарды тамашалап жатырмыз. Жаңа бір жігіт 100 ретке дейін көтерді. Осының бәрі қандай керемет!», дейді қала тұрғыны Айдос Бағашев.

Сондай-ақ алаңның әр бұрышында ұлттық мифологиядан сыр шертетін үрдістер де байқалды. Мысалы, бір қарағанда мәуелі бәйтеректі көзге елестететін ағаштың маңынан адам үзілмеді. Өз тілектері мен ниеттерін айтып, бұтаққа байлау байлаған көпшілік Ұлыстың ұлы күнінде ең бастысы елдің амандығы дейді.

«Өте керемет болып жатыр. Адам да көп, мейрамды сағынып қалғанымыз көрініп-ақ тұр. Өзіме жәрмеңкеде сатылып тұрған әшекей-бұйымдар қатты ұнады. Ән тыңдап, бір сергіп қалдық», - дейді тағы бір тұрғын Әсем Өмірзақова.

Айта кетейік, бір ғана біз барған Арбаттың өзінде 50-ге тарта шатыр тігіліп, түрлі көрме ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлап, Наурыздың мәнін ұқтырғандай.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы