Өткен жылы 1423 көшеге жарық желілері тартылса, биыл 601 көше жарықтандырылады
Әкім «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде сыртқы жарық желілерінің ұзындығы 4815 шақырымды құрайтынын айтты.
165 мыңнан астам шам бар. 2020 жылы жүргізілген инвентаризация нәтижесінде сыртқы жарығы жоқ 2024 көше анықталды. Олардың көпшілігі Түрксіб, Алатау, Наурызбай және Медеу аудандарында кездеседі.
Өткен жылы 1423 көшеге жарық желілері тартылса, биыл 601 көше жарықтандырылады. Сонымен қатар, қосымша жарықтандыру нүктелері биыл жартылай жарықтандырылған 171 көшеге, ал келесі жылы тағы 895 көшеге орнатылады. Осылайша, ағымдағы жылдың соңына дейін 772 көшеге 18 743 шам орнатылады әрі жарықтандырылады.
Сондай-ақ, 2020 жылы жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын Достық, Гагарин, Шаляпин даңғылдары, Сайын, Момышұлы, Жансүгіров көшелері, Солтүстік айналма тас жолы бойындағы жарық желілері реконструкцияланды. Энергия жинақтайтын 5376 шам және 3 165 бағана орнатылды. Нәтижесінде энергия тұтыну орташа 19,2%-ға қысқарды. Ескірген құрылғылар бар 48 көшедегі 7 320 бағана мен 9 105 шамды модернизациялау жоспарлануда.
Бұдан өзге, Алатау, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында жаңа жолдардың құрылысы кезінде 146 көше жарықтандырылып, 2 мыңға жуық шамдар орнатылады.
Қаланың сыртқы жарық желілеріндегі ақауларды қалпына келтіру үшін «Диспетчерлік орталық» тәулік бойына жұмыс жұмыс істейді. Өтінімдер 300-75-41, 300-75-42 телефондары, сондай-ақ «Open Almaty» және әлеуметтік желілер арқылы қабылданады. Күн сайын 100-ден астам өтініш өңделеді.
Сыртқы жарық жүйесінің тиімділігін арттыру үшін паспорттау іске асырылады әрі қарай цифрлық картаны әзірлеу жоспарлануда. Басқаруды автоматтандыру ақауларды дер кезінде анықтауға және жоюға, жүйені модернизациялауға мүмкіндік береді. Жалпы, келер жылы Алматы көшелерін толық жарықтандыруға қолжеткізу міндеті қойылды. Бұл қалалықтарға жайлы ортаны қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырады.