Алматыда колледждердің жаңа буын пайда болады
Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирде қосымша білім берудің жағдайын жасау және ортатехникалық білім туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Б. Сағынтаевтың мәліметтері бойынша, балаларға мектептен тыс тегін білім беруді арттыру мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарында 2021-2023 жылдары инновациялық шығармашылықтың екі жаңа Орталықтарын салу жоспарлануда. Бұларда мектеп жасындағы 14 мыңға жуық балалар оқитын болады.
Биыл Оқушылар сарайы модернизацияланады, бұл мектеп оқушыларына қосымша білім беру бағдарламаларын кеңейтеді. Мынадай жаңа бағыттар енгізіледі: VR зертханасы, аэромодельдеу, IT бағдарламалау, hi-tech-зертханасы, робототехника, жаратылыстану ғылымдарының зертханалары (химия, физика, биология, гидропоника) және т.б.
Оқушылар сарайының базасында дрондарды дамыту және 3D прототиптеу орталықтары құрылады. Сондай-ақ, модернизациялау аясында обсерватория мен планетарийдің жұмысы қалпына келтіріледі. Егер бүгінде сарайға 5 мың бала келсе, онда модернизация бұл санды 2 есеге, яғни 10 мың балаға дейін арттырады.
Мемлекеттік тапсырысты мектептен тыс жеке ұйымдарда орналастыру арқылы тағы 22 мың бала қосымша білім алумен қамтылатын болады. Қабылданған шаралар қосымша біліммен қамтамасыз етілген алматылық балалардың үлесін 88,5% жеткізуге мүмкіндік береді.
Жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды ұлғайту, білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін балабақшалар мен мектептер салумен қатар, инфрақұрылым да кеңейтілуде. №1 Алматы мемлекеттік қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжінде 400 орынды оқу ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Алматы Сән және дизайн колледжі оқу ғимаратының жанынан салынған 500 орынды қосалқы нысан мен 250 орынды акт залының құрылысы аяқталды.
Елбасының Үшінші әлеуметтік бастамасына сәйкес студент жастардың тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін №1 Алматы мемлекеттік қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжінде 300 орындық жатақхананың құрылысы аяқталды. Тағы 2 колледж аумағында әрқайсысы 300 орынды жатақханалар салу жоспарлануда.
Биыл Алатау ауданындағы Зерделі шағын ауданында 300 орынды жатақханасы бар 720 орындық колледждің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Алматы қаласының Индустриалды аймағында жатақханасы бар жаңа форматтағы колледж салу жоспарлануда. Бұл колледждер жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды. Сонымен қатар, қосымша 300 жұмыс орны құрылады.