Алматыда балалар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету, балаларды қорғау ерекше бақылауда
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта қалалық және аудандық білім, қоғамдық денсаулық басқармаларының, сондай-ақ білім беру және психология саласындағы ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандармен жұмыс мәселелері бойынша жедел әрекет ету штабының кеңесін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv
Кеңесті ашқан Е. Бабақұмаров кәмелетке толмағандармен тұрақты байланыс жасаудың және психологиялық қолдау көрсетудің, әсіресе өзара іс-қимылдың ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінде өте маңызды екенін атап өтті.
Профилактикалық жұмыс кешенді сипатқа ие және оның құрамына оқушыларға құқықтық тәрбие беру, құқықтық жаппай оқыту, ата-аналармен үнемі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар каникул кезінде нәтижелі жұмысты қамтамасыз ету енеді.
«Bilim Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жанат Досжанованың, Қазақстан және Орталық Азия отбасы институтының атқарушы директоры Эльмира Алиеваның айтқан ұсыныстары білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудың әдістерін одан әрі жетілдіруге, психологиялық денсаулықты қорғау және дамытуға бағытталған.
Талқылау қорытындысы бойынша штаб төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қоғамдық денсаулық және білім басқармаларына мектеп психологтарының жұмысына жаңа әдістерді енгізу, оның ішінде оқытудың онлайн форматын ескере отырып, ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл бағытта Психикалық денсаулық орталығының жұмысы күшейтіледі. Сонымен қатар, білім және спорт басқармаларына жазғы кезеңде ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды және санитарлық қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, балалар мен жасөспірімдердің демалысын, өздерін шынықтыруларын және пайдалы іспен айналысуын ұйымдастыру және өткізу тапсырылды.
Ювеналды саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алматыда балалар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету, балаларды қорғау ерекше бақылауда.