Алматыда биыл өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілмек. Бұл туралы қалалық ТЖД басшысының орынбасары Самат Асаинов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы 2020 жылы қалада 671 өрт оқиғасы тіркеліпті. Зардап шеккендердің саны 26 пайызға азайып, 38 адам құтқарылған. 200-ден астам азамат қауіпті аймақтан шығарылған. Қызыл жалын негізінен жеке үй секторларынан жиі шығады. 402 оқиға - тұрғындардың отқа ұқыпсыз қарауынан және жер үйлерде пешті, электр құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан туындаған. Осы тұста баспаналарын көмірмен және отынмен жылытып отырған отбасылардың 1254-іне ысқа қарсы датчик орнатылған.
«Өрттердің 60 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алатынын ескере отырып, өткен жылдың тамыз айынан бастап тұрғындарға ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Барлығы 145 471 жеке тұрғын үй есепке алынып, қатты отын пайдаланатын 1848 үй толықтай тексеруден өтті. Өрт қауіпсіздігі туралы 300 мыңнан астам ескертпе таратылды», – деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Самат Асаинов.