Халық қатысатын бюджет: Алматыда жобаға бөлінетін қаржы өсті

18.03.2023 00:31

Бағдарламаға өтінім қабылдау кезеңі 31 наурызға дейін жалғасады

Almaty.tv

Биыл Халық қатысатын бюджет бағдарламасын қаржыландыру өседі. Бұл туралы Алматы қалалық қаржы басқармасының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу ауданындағы бір жыл бұрын арам шөп басып тұрған аула «халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында әлдеқайда түрленген. Заманауи спорт жабдықтары мен футбол алаңы салынған. Осылайша, тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, шағын аумақ тиімді қолданылған. Қазір мұндағы жұрт пен балалар қалалық бағдарламаның игілігін көріп отыр.

«Жай ғана алаң болды, жаңбыр жауса жер балшық болатын. Балалар ойнай алмайтын еді. Қазір Алматыда мұндай алаңдар тек жаңа тұрғын үй кешендерінде ғана салынады ғой. Біз тұрып жатқан ескі үй 1979 жылы салынған», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Ерғазы Ықылас.

Биыл да тұрғындар қалалық бағдарламаға үміт артып отыр. Жергілікті жұрт бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды көздейді.

«Биыл да жоспар көп. Тұрғын үйдің сыртын сырласақ. Тузов көшесі тұйықта орналасқан. Онда тұрғындар жүретін тротуар жоқ. Ойымызды әкімдікке айтсақ, қолдайды деп сенеміз», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Дулат Қылышбеков.

Бағдарлама аясында жасалатын әрбір жоба халықтың талап-тілегімен, тұрғындардың талғамына қарай жасалады. Жетісу ауданы бойынша өткен жылы 45 өтінім қабылданған. 23 жоба көп дауыс жинап, жүзеге асқан.

«Халықтан сұраныс көп болғандықтан қала әкімінің тапсырмасымен қосымша ақша бөлініп жатыр. Ойын алаңы бұзылған жағдайда жауапты мердігер мекеме бір жылдық кепілдік хат бойынша қайтадан қалпына келтіру жұмысын жүргізуге міндетті», – деді Жетісу ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Қалдаров.

Бағдарламаға өтінім қабылдау кезеңі 31 наурызға дейін жалғасады. Тұрғындар open-almaty.kz сайты арқылы өзіне қажетті жобаны таңдаса болады. 2019 жылы пилоттық жоба ретінде басталған бағдарламаға бастапқыда 8 миллиард теңге бөлінген болатын. Биылдан бастап бұл қаржы 15 миллиард теңгеге дейін өскен.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы