|
12.08.2021 | 22:14
947

Алматыда 30 жыл жөндеу көрмеген жылу желілері жаңартылып жатыр

Биыл қалада ұзындығы 9 шақырым болатын жылу құбыры ауыстырылып, күрделі жөндеуден өтпек

Алматыда жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Осылайша, биыл қалада ұзындығы 9 шақырым болатын жылу құбыры ауыстырылып, күрделі жөндеуден өтпек. Бұл ретте, әсіресе, қаланың шеткі аудандарына басымдық беріліп отыр. Мегаполистің жылу маусымына дайындығын Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.   

Рысқұлов көшесі бойындағы жылу құбырлары соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген. Алатау ауданының тұрғыны Руслан Баймұханбетов әбден тозығы жеткен жылу желілерінде жиі ақау шығатын айтады.

«Менің тұрып жатқаныма 10 жыл болды. 10 жыл ішінде жылу құбырларын ауыстырған жоқ. Қыста кішкене қиындау. Апаттық өшірулер болатын. Алатау ауданы әкімдігіне рақметімізді айтамыз. Жаңадан құбырлар қойып жатыр. Жақсы болады деп сенеміз осыған», – деді Алатау ауданының тұрғыны Руслан Баймұханбетов.

Алатау ауданында жалпы жылу құбырларының ұзындығы 70 шақырым. Оның 34 шақырымнан астамы магистральді желілер. Мұнда тұрғындардың 77 мың 700-і орталықтандырылған жүйеге қосылған. Ал, 230 мыңнан астамы жеке қазандықтың көмегімен үйлерін жылытып отыр.

Дәл осындай қарқынды жұмыстар Алатау ауданындағы 3 көшесінде жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым өкілдері бұл жұмыстарға 2 жылға дейін кепілдеме береді екен. Яғни, осы уақыт аралығында жылу жүйесінен қандай да бір ақау болатын болса, оны мердігер ұйым өкілдері өз қаражатына жөндеп беруге міндетті екен.

Сала мамандарының айтуынша, қазір бұл шаруаның 70 пайызы біткен. Енді гидросынақтар жүргізіліп, құбырлар алдын-ала тексеріледі. Бұл жұмыстарды күзге дейін аяқтау үшін 3 мердігер компания міндетіне алған. Ол үшін 32 арнайы техника мен 27 адам жұмылдырылыпты.  

«Мамыр айында басталды. Аяқталуы 2021 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Өздеріңіз көріп отырғандай жобада асфальт жабынын толық қалпына келтіру жұмыстары да қарастырылған. Қазіргі жұмыстар аяқталса, 25 көпқабатты үйлер мен 30 шақты жеке сектордағы тұрғын үйлерді қамтамассыз етпек», – деді Алатау аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы Зиярат Қамбатыр.

Айта кетейік, бүгінде қаладағы 1 млн, 260 мың үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 634 мыңға жуығы үйлеріне жеке қазандық орнатқан. Ал, 1900 отбасы әлі пеш пайдаланады. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары аясында толық шешімін таппақ.  

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир