Досаев балаларды оңалту орталығының жобасын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

03.11.2023 00:32

Құрылыс жұмыстары 2024 жылы мамырда басталады деп жоспарланған

Алматы әкімдігі / пресс-служба акимата

Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданындағы жұмыс сапары аясында 1950 жылы салынған бұрынғы теміржол госпиталінің қараусыз қалған ғимаратын қайта жаңарту жобасымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онда  250 адам қабылдайтын қалалық балалар оңалту орталығын ашу көзделген. Қала басшысына «Жетісу-Сәулет Құрылысы» ЖШС әзірлеген жоба таныстырылды.

– Біз қаланың тарихи орталығында тұрмыз. Заманауи материалдар мен жаңа технологияларды қолданып, архитектуралық келбетті ескере отырып, жоба әзірлеу қажет, – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, ұсынылған жоба қазіргі заманғы оңалту орталығының талаптарына сай келмейді.

Компанияға биыл жыл соңына дейін түзетулер енгізу және аяқталған ЖСҚ жобасын таныстыру тапсырылды. Құрылыс жұмыстары сараптамадан өткеннен кейін 2024 жылы мамырда басталады деп жоспарланған. 

Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қараусыз қалған ғимаратқа алаңдаулы. Осыған байланысты мегаполис басшысы Ерболат Досаев құрылыс басқармасына цифрландыру басқармасымен бірлесіп, нысанды пайдалануға бергенге дейін бейнекамералар орнату және қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қараусыз қалған ғимаратты қорғауды күшейту сынды уақытша шаралар қабылдауды тапсырды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, орталық тірек-қимыл аппараты аурулары, балалардың церебральды сал ауруы, бас және жұлын жарақатынан кейінгі жағдай, Даун синдромы, жүрек және эндокриндік жүйе аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларды кешенді оңалтуға арналған. Орталықта оқу-тәрбие және психологиялық көмек бөлімшелері және медициналық-оңалту, 114 орындық стационарлық бөлімше, күндізгі стационар жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Қала әкімі Ганди атындағы саябақ жұмысын тексерді