Бұл мектепке 18 жасқа дейінгі балалар тегін қатыса алады
Қала күніне орай Шаңырақ ықшам ауданында «Алатау» домбыра мектебі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған осы ауданның әкімдігі мен кәсіпкерлері бірлесіп қолдау көрсеткен. Игі шараға Алатау ауданының әкімі, өнер жұлдыздары мен ел алдында жүрген азаматтар қатысты. Бірі балаларға кітап, домбыра сыйласа, енді бірі оза шапқандармен дует жазам деп уәде етті. Бұл мектепке 18 жасқа дейінгі балалар тегін қатыса алады. Бүгінде он топ жасақталған. Ал алдағы уақытта Алатау ауданы бойынша, мектептер ішінен тағы 15 домбыра үйірмесін ашу жоспарланып отыр. +++
«Елбасымыз айтқандай, рухани жаңғыру деген мақаласында ең негізгісі - өзіміздің тілімізді, өзіміздің өнерімізді, салт-дәстүрімізді, жалпы айтқан кезде ұлттық рухымызды мәңгі біліп, танып, оны дамытуымыз қажет. Сондықтан да осы бастаманы өзіміз қолдап, осындай мектепті ашқалы отырмыз», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Ал аудан тұрғыны Зағира Рапықжан бұл - балаларды өнерге баулу үшін жасалып жатқан зор мүмкіндік дейді. Тұрғындар атынан алғысын айтып, өз қуанышын жеткізді.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дегендей, балаларымыздың бос уақытын бекер өткізбей, өнерге жақын болуына жақыннан жәрдемде болып Алатау әкімдігі жақсы бір бастама бастап жатыр. Өте қуаныштымыз, көп-көп рақмет айтамыз», – деді аудан тұрғыны Зағира Рапықжан.