Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, жылдар бойына асфальт болмаған шағынаудандарда жолдарды салу мен жөндеудің ауқымы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирі кезінде Құрамыс шағынауданның тұрғыны ол тұратын көшедегі жолдың қашан жасалатынын сұрады. Б. Сағынтаев аталған шағын ауданда бүгінгі таңда 27 көшенің 23-і асфальтталғанын хабарлады. Ұзындығы 4,9 шақырым болатын барлық көшелерді асфальттауды алдағы айда аяқтау жоспарланып отыр.
Биыл Алматыда 9 шағынаудандағы 341 көшеде 93 шақырым жол салынып, күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта 6 шағынауданда жол жөндеу жұмыстары аяқталған, олар – Шаңырақ-5, Нұршашқан, Самғау, Әлмерек, Қайрат, Өжет. Алғабас шағынауданында жоспар бойынша 6 шақырым жолдың орнына 6,8 шақырым жол асфальтталды. Екі шағын ауданда – Құрамыс және Думанда жөндеу жұмыстарын қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Бұдан өзге, биыл ұзындығы 201,1 шақырым болатын 206 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ұзындығы 219,1 шақырым болатын 324 көше қамтылды, қазіргі кезде ұзындығы 185,5 шақырым болатын 197 көшеде жұмыстар аяқталды, қалған 9 көше бойынша жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып жатыр.
Сонымен қатар, жалпы ауданы 214 мың ш.м. жолдарда шұңқырларды жөндеу жүргізілді, 1 247 люк тегістелді. Жұмыстарға 4 мердігерлік ұйым, 12 бригада, 96 жұмысшы, 28 арнайы техника жұмылдырылды. 31 шақырым тротуар, 65 аялдама алаңы жөнделді.