Көрмеге қазақ ән-күй өнерінде шоқтығы биік тұлғалардың жеке аспаптары қойылған
Мұхтар Әуезов атындағы «Метрополитен» бекетінде жылжымалы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен өткен көрмеге қазақ ән-күй өнерінде шоқтығы биік тұлғалардың жеке аспаптары қойылған. Сондай-ақ этно-фольклорлық топтың қатысуымен концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
– Қаламыз әрқашанда өркендей берсін! Концерттік бағдарлама қала тұрғындары мен қаламыздың қонақтарына арналады, – деді әнші Жеңіс Ержанов.
«Ұлы Жібек жолындағы ұлы тұлғалар» тақырыбымен өткізілген көрмеге Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Ақан Сері, Біржан сал, Махамбет Өтемісұлы және Жамбыл Жабаевтардың қолының табы қалған жиыны 10 аспап қойылды.
Айта кетейік, тарихи мазмұнға ие көрмелер легі Алматы қаласының барлық метрополитен бекеттерінде ұйымдастырылды.
– Қазақтың дәстүрлі әні, домбырамыз ойнап жатыр. Қала күніне арналған мерекеге тап болғаныма қуаныштымын Алматымыз жасай берсін! – деді қала тұрғыны Жанат Құдайбергенқызы.
– Алматы қаласын көркейе берсін! Тұрғындар бақытты болсын, қаламызда бейбітшілік туы желбіресін! – деді қала тұрғыны Салтанат Дәркенбекова.
Оқи отырыңыз: Kitap Fest Almaty: 50 кітаптың тұсауы кесілді