«Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында бұрын-соңды мүлде жол болмаған 8 ықшам ауданға жаңадан асфальт төселген. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын тауып жатыр. Қала басшылығы Алатау, Наурызбай және Түрксіб ауданында жалпы саны 415 көшені асфальттауды жоспарлап отыр. Ал, жолдардың сапасы қаншалықты сын көтереді? Жол саласындағы сарапшылар не дейді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Алатау ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы 658 шақырым. Оның 150 километрден астамына асфальт төсеу қажет. Биыл аудандағы 5 шағын ауданның 257 көшесіне жаңа жол салу көзделіп отыр. Жалпы қаладағы жаңа салынып жатқан жолдардың жартысы Жаңа Алматының үлесінде. Мәселен, Шаңырақ-5 ықшам ауданындағы жолда ешқашан асфальт болмаған еді, енді жаңадан жол салынған.
«Қиналатынбыз, көлігімізді осыдан екі км жерге тастап кететінбіз. Боти, галошпен келетінбіз балаларды көтеріп. Қазір жақсарды, Аллаға шүкір. Өте тамаша болды жолымыз. Енді автобус келейін деп жатыр. Кіріп жатыр автобустарымыз», – деді қала тұрғыны Мөлдір Үмбетжанова.
«Жол деген бізге мұң болды ғой. Жол келгенде қандай қуандық. Осы жақында келді ұзақ та болған жоқ. Рахмет осылай жол түсіп жақсы көтеріліп жатырмыз», – деді қала тұрғыны Зәуре Ағыбаева.
Бұл бір ғана ауданда жасалған жұмыстар. Осы сияқты өзге де аудандарда жол инфрақұрылымын жақсарту үшін қыруар шаруа атқарылып жатыр. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жаңа салынған жолдардың сапасын тексеріп, сараптап отыратын бірден-бір мекеме. Мұндағы мамандар мердігерлер жұмысын тексеріп, жолдардың сапалы шығуын талап етеді.
«Рейтинг жасалған. Қай өңірлерде сапасы дұрыс деген. Алматы қаласы жоғары орында тұр. Сапасы жағынан жақсы, қанағаттанарлық деп айтуға болады. Жолдардың жалып 80 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деп есептеуге болады», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов.
Ал, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары әсіресе соңғы уақытта жолдарды жөндеу қарқынды жүріп жатыр дейді. Сарапшылардың сөзінше, асфальттің мықты әрі үгітіліп кетпеуі үшін түрлі технология енгізіп отыру маңызды.
«Қала жолдарының сапасы жақсы. Институт осы уақытқа дейін 200 жаңа технологияны тәжірибеден өткізді. Оның бәрі осы жолдардың берік болуы үшін жасалып жатқан дүние», – деді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ вице-президенті Азамат Жайсаңбаев.
Сондай-ақ, алдағы уақытта «Жаңа Алматы» жоспары аясында Теректі, Боралдай және Мәдениет ықшам ауданындағы көшелерді асфальттау жоспарланған. Қазір олардың сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұайтпасов, «Алматы» арнасы