Жас спортшы қатысушыларға бразилиялық джиу-джитсудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, олармен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді
Джиу-Джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова алматылық қыз балаларға шеберлік сабағын өткізді. Игі іс-шара ел егемендігінің 30 жылдығы қарсаңында және республикалық «30 қайырымды іс» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Жас спортшы қатысушыларға бразилиялық джиу-джитсудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, олармен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді. Айта кетейік, Жібек Құлымбетова ұлдармен де күресіп, ешкімге дес бермеген спортшы. 14 жасар қыз осы уақытқа дейін көптеген республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп үлгерген.
«Бүгін мен өзіме ұнайтын және жарыстарда чемпион болуға көмектескен әдістерді көрсетемін. Адам саны шектеулі болғандықтан 30 қыз келді. Барлығы тек джиу-джитсу жағынан ғана емес, басқа да спорт түрлерінен қатысты. Спортқа қатыспаған әртүрлі саладан келгендер де болды. Қызықты өтеді деген ойдамын»,– деді джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова.