Іргеден шыққан індет көптеген саланы цифрлық жүйеге мәжбүрлі түрде ауыстырды
Қауіпсіз қала – тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қолайлы. Сондықтан Алматыны барынша жайлы ету – басты мақсат. Осы орайда тың технологияны қолдану маңызды. Мегаполис басшысы Бақытжан Сағынтаев осылай деген еді. Алматының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі цифрлық жүйенің үлесі қандай? Қалада қандай инновациялық шешімдер қолданылып жатыр? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек әңгімелейді.
Іргеден шыққан індет көптеген саланы цифрлық жүйеге мәжбүрлі түрде ауыстырды. Пандемия басталып, қала оқшауланғанда инновациялық шешімдер жедел қабылданды. Орталықтандырылған ақпараттық жүйелер, Infokazakhstan.kz секілді платформалар көптеп көмегін тигізгені анық. Смарт технологияларды адам өміріне енгізу жалғасып келеді. Оның маңыздылығын қала басшысы Бақытжан Сағынтаев айтты.
«Бүгінге дейін дәстүрлі қауіпсіздік жүйелерімен жұмыс жасап келдік. Қазір енді заман талабы, технологиялардың дамыған уақыты. Осы қауіпсіздік саласын дамытуға пайдалануымыз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаевтың сөзінше, цифрландыру бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздікті ұйымдастыру «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асуда. Алдағы уақытта бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметі, бейнемониторингтің бірыңғай жүйесі және қауіпсіздіктің болжамды сценарийлерін анықтау үшін үлкен деректерді пайдалану әдісі қолданылмақ.
«Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметі дегеніміз, кез келген қиындыққа түскен адам 112 нөміріне хабарласса жеткілікті. Ал коммуналдық мәселелер болса 109 батырмасын басуыңыз қажет. Ал бейнекамералар арқылы адам көп шоғарлғанған жерлерді бірден анықтауға мүмкіндік бар. Яғни, осы жүйе арқылы пандемия кезінде адамдардың топтасуына тоқсауыл қоюға болады», – деді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
Алдағы үш жылда қалада тағы 120 мың бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Осылайша алматылықтардың қауіпсіздігі тың технологияның көмегімен қамтамасыз етілмек. Бірақ техникаға сеніп, ақпараттық қауіпсіздікті ұмытпаған жөн дейді мамандар.
«Инновациялық шешімдер қала өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Алайда таяқтың екі ұшы барын ұмытпау қажет. Иә, мұндай тың технологиялар адам жұмысын жеңілдететіні сөзсіз. Бірақ адамдардың жеке ақпаратының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Яғни, тұлға туралы ақпарат кең таралмауы үшін де арнайы стратегия құрған жөн. Өйткені кибер шабуылдар көбейіп кетуі ықтимал», – деді инновациялық компания директоры Ілияс Қалдыбай.
Тың технологияны қолдану заманның талабы болды. Сондықтан қала билігі инновациялық шешімдерді көптеп пайдалануды қолға алып жатыр. Жауаптылар, смарт технологиялар адам өмірін жеңілдетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді дейді.
Өмір Әнуарбек Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы