Сұрақ-жауап: Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Жүздесуге 305-тен астам тұрғын қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Кемел шағынауданында бір мезгілде 200 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі. Енді халық сәуір айынан бастап жақын маңдағы емханаға қарала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Ал «Барахолка»  базарының маңына қосымша «сергек» камерасы орнатылады. Ол бос орынға заңсыз тұрып алатын такси жүргізушілерінің әрекетін тиюға септеспек. Биыл «Саяхат» автобекеті маңында 20 метрлік аялдама кешені салынады. 

Бүгінгі Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесу Айнабұлақ ықшамауданындағы балалар мен жасөспірімдердің шынығуы үшін салынған алып спорт кешенінде өтті. Жүздесуге 305-тен астам тұрғын қатысты. Дүйім жұрт түрлі тақырыпты қозғады. Бірі жеке басындағы мәселесін айтса, енді бірі елдің атынан сөйледі.  

«Кемел ықшамауданының тұрғынымын. Бізге дәрігерге қаралу үшін Көкжиектегі емханаға баруға тура келеді. Есімхан көшесінің бойындағы амбулаторияның салынып жатқанына біраз болды. Қашан бітеді?» – деді қала тұрғыны.

«Сіз айтып тұрған амбулатория салынып жатыр, қазір 80 пайыз жұмысы аяқталды. Алдағы 2 айдың ішінде толық бітеді деп ойлаймын. Мердігер тарапынан қиындық туындады. Істі сотқа бердік. Дегенмен амбулаторияның жұмысы аяқталады, халық игілігіне ашамыз», –  деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Аты көпке мәлім Барахолка базары маңында заңсыз такси жүргізушілері тұрады деп шағымданды жұрт. Онда тоқтауға болмайды деген белгі бар екеніне қарамастан, көлігін қоятын көрінеді. Кесірінен таңертең және кешкі уақытта кептеліс туындайды. Былтыр Жетісу ауданында 600-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал биыл 75-тен астамы қойылмақ.

«Солтүстік айналмадағы Жұмабаевтан Көкмайсаға дейін Кенжехан, Қазына, Арлан, Алаш базары бар. Былтыр 3 жолға жөндеу жұмысы жасалды. Бірақ бірінші жолаққа жеңіл көліктер үшін тұрақ жасалды. Базар маңында кептеліс болады», – деді қала тұрғыны.

«Сол жерге «сергек» камерасын қойылады. Таксистер тұрып, кептеліс туындайтын болса, бұдан былай айыппұл төлейді. Жергілікті полиция басқармасы неге жұмыс істемейді?» – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сүйінбай жолайрығының жанында облысқа қатынайтын халық кешкі уақытта белгіленбеген жерде такси күтеді деп шағымданды. Ол өздері үшін де, көлік жүргізушілері үшін де аса қауіпті. Мәселені шешу үшін қала басшысы 20 метрлік аялдама кешені салынатынын айтты. Ол алдағы жарты жылдықта қолданысқа беріледі.

«Бірінші сұрағым, Райымбек даңғылындағы жолайрықта көпшілік такси күтеді. Олар жолға шығып, көліктің жүруіне кедергі жасайды. Осы мәселе шешімін тапса жақсы болар еді» – деді қала тұрғыны.

 «Саяхат» автобекеті маңындағы 3 аялдама жұмысын аяқтағаннан кейін, таксисттерге орын бөлеміз. Жолдың жиегіне қосымша белгілер қойылады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Әдеттегідей 2,5 сағатқа созылған кездесуде кезекке тұрғандар сұрағын қойып үлгерді. Ал микрофонға тұруға қымсынғандарға мәселесін жазбаша жазып қалдыруға мүмкіндік бар.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров