Ескі шаһар келбеті: «Аққу» - шығармашылық орта қалыптастырған дәмхана

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда аты аңызға айналған «Аққу» дәмханасы қайта бой көтереді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда аты аңызға айналған «Аққу» дәмханасы қайта бой көтереді. Қала тұрғындарының сүйікті орны болған кафе келушілер үшін биыл күзде есігін айқара ашады. Жобаға жауаптылар жаңа нысан өзінің тарихи келбетін сақтап қалатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алғашқы таныстық, ыстық естеліктер мен қаламгерге шабыт сыйлайтын интерьер. Тарихи маңызы бар «Аққу» дәмханасы өз кезінде келушілердің сүйікті орнына айнала білді. Оны қайта жаңғырту мәселесін зиялы қауым өкілдері бұған дейін бірнеше мәрте көтерген.

– «Аққу» кафесін еске алғанда, есімізге Мұқағали, Жарасхан, Есенғали түседі. Қазақтың ең мықты ақындары бас қосатын. Өйткені ол жердің аурасы бөлек. Судың ортасында тұрған аралда тұрғандай сезінетінбіз, – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

– Үлкен бір шығармашылық ортаны қалыптастырған кафе болатын. Айдыны бар, көлшіктің бетінде қос аққу жүзіп жүретін Студенттер баруға әуес болдық, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

Дәмхананы қайта жаңғыртуға жауаптылар жоба шаһардың тарихи келбетін қалпына келтіру мақсатында іске асырылып жатқанын айтты. Ғимарат заңды түрде бекітілген аумақта ғана орналасып, бұрынғыдай бір қабатты болады. Бірақ заманауи сәулет стандарттарына сәйкес, техникалық қажеттілік пен инфрақұрылым үшін жертөле салу жоспарланған.

– «Аққуды» қайта қалпына келтіру – коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Басты мақсат – шаһардың тарихи келбетін қайта қалпына келтіру. Біз мұрағаттан кафенің эскиздері мен суреттерін жинастырдық. Кезінде мұнда келген мегаполис тұрғындарымен тілдестік, – деді инвестициялық компанияның өкілі Медет Қасымов.

Сондай-ақ инвестициялық компанияның өкілдері дәмхананы қайта жаңғырту кезінде заманауи құрылыс пен қауіпсіздік талаптары толық ескерілетінін жеткізді. Мамандардың айтуынша, жобаның тұжырымдамасын мемлекеттік органдар мен қала құрылысшылары кеңесі бекіткен.

– Сәулетші Сергей Мартемьянов 1989 жылы өртеніп кеткен «Аққу» дәмханасын қайта жаңғыртуды ұсынды. Осы бастама аясында жер телімінің иесімен байланыс орнатылды. Қазір іске асып жатқан жоба заманауи сәулет стандарттарына сай. Сондай-ақ тарихи келбеті толық қалпына келеді, – деді Алмалы ауданы қалалық Жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру бөлімінің басшысы Арман Айшуақов.

Айта кетейік, аты аңызға айналған «Аққу» биыл қайта жанданады. Дәмхана күз мезгілінде келушілерге есігін айқара ашпақ.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда шахматтан Азия чемпионаты басталды

Новости партнеров