Бұл туралы арнайы кеңес өткізген қала басшылығы мәлімдеді
Бүгінде Алматыға 150 мың дана парацетамол әкелінген. Жуық арада тағы 850 мың дана дәрі-дәрмек жеткізілмек. Бұл туралы арнайы кеңес өткізген қала басшылығы мәлімдеді. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің арнайы мониторингтік тобы бүгін дәріханалардағы жағдайды бақылауға шықты. Тексерушілердің құрамында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, қалалық қоғамдық кеңес өкілдері мен өзге де қоғам мүшелері бар. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастаған мониторингтік топ өкілдері қаладағы дәріханаларға тексеріс жүргізді. Қоғамда қордаланған мәселерді алдын ала талқылап алған бақылау тобы бірнеше орталық дәріханаларды аралады. Гоголь көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында орналасқан мына дәріхана алдында кезек күткен адам көп. Қашықтық сақтау атымен жоқ.
«Дәріханалар жап-жақсы күзет қызметі бола тұра, адамдарға қалай дұрыс кезекте тұру керегін ұйымдастырмаған. Мына жерде адамдар арасындағы қашықтық мүлде сақталмаған», – деді «Ізгілік елшісі» еріктілер жобасының өкілі Айнұр Сәбитова.
Мұнда байқағанымыздай дәрі алуға келген тұрғындар препараттардың едәуір қымбаттағанын айтады.
Жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, себебін айтатын дәріхана иесі де табылмады.
«Біз бүгін арнайы тексеру тобымен бірге дәріханаларды тексеруге шықтық. Расымен де, кезек күткен адам көп. Мына дәріхананың басшысын шақырдық. Бірақ ол бізбен байланысқа шыққысы келмейді. Менің ойымша, бұл дәріхана иесіне солай ыңғайлы сияқты. Ол тұтынушылардың құқығын бұзып жатыр. Сондықтан ол міндетті түрде жауап беруі тиіс», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Қажетті препараттарды алу үшін алматылықтар осылайша ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Әсіресе мұндай көріністі ірі орталық дәріханалардың алдынан байқауға болады. Кезекте тұрған адамдардың ішінде қызу басатын, суыққа қарсы дәрілерді алуға келгендер де, сонымен қатар созылмалы ауруларға қажетті дәрілерді іздеген адамдар да бар.
Жеке меншік мекеме болғандықтан дәріхана өкілдері біздің түсірілім тобымызды ішке кіргізбеді.
Ал бақылау тобы бұл дәріханада карантин талаптары біршама реттелген дейді. Адамдар арасындағы қашықтық сақталып, антисептик сияқты тазалық құралдары қойылған. Ал жұрттың дәрі алуы үшін бір жерге келіп кезекке тұруын дәріхана иелері былай деп түсіндірген.
«Неге адамдар үй жанындағы дәріханаларға бармайды? Өйткені ол дәріханаларға қоймалардан дәрі жеткізілмейді. Ал мынадай үлкен партиямен сатып ала алатын ірі дәріханалардың қоймадан дәрі алуға мүмкіндігі көп», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір 150 мың дана парацетамол әкелініп, сатылымға шығарылған. Жуық арада тағы 850 мың препарат жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, дәріханадардағы әлеуметтік маңызы бар дәрілердің 41 түріне басымдық беріліп, оларды күнделікті жеткізіп отыру мәселесі де шешілген. Бұл мақсатта фармкомпаниялармен келісімге қол қойылған. Осылайша, бүгінде қаланың әр ауданында орналасқан 105 дәріхана бекітіліген. Бүгінде ірі дәрі жеткізушілер оларды парацетамол, ибупрофен, аспирин, тамифлю, сумамед секілді препараттармен қамтамасыз етіп отыр.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы