Алматыда «Іскер отбасы» орталығы ашылды

almaty.tv
almaty.tv
«Іскер отбасы» бағдарламасы «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасының негізінде құрылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Іскер отбасы» орталығы ашылды. Игі бастама «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мұрындық болуымен жүзеге асқан. Қазір онда «Бизнес бастау» жобасы арқылы грантқа ие болғандар өз істерін дөңгелетіп отыр. Одан бөлек мегаполисте шағын және орта бизнесті де қолдау жалғасын тауып жатыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Алты баланың анасы Назым Нұрсейітқызы қазір сұлулық салонының иесі. Үшінші баласы мүгедек болғандықтан, бұған дейін ешқашан жұмысқа шықпағанын айтады. Көпбалалы аналарға қолдау көрсететін «Іскер отбасы» орталығына келгелі өз кәсібін бастауға мүмкіндік туыпты.

«Бүгінгі таңда сұлулық салонын ашып жатырмын.  Мен үшін бұл өте үлкен көмек. Бұл –  біздің алғашқы қадамымыз.  Осы кәсіпке барынша көңіл бөліп жатырмын», – деді  көпбалалы ана, кәсіпкер Назым Смағұлова.

Жаңа жоба арқылы көптен күткен арманын жүзеге асырғандардың бірі – 68 жастағы зейнеткер Сағатқали Сағидуллин. Жүрегіне ота жасалғалы екінші топ мүгедегі. Кәсібіне қолдау тапқан қария көп ұзамай көкөніс дүкенін ашқанын айтады.

«Мүгедектік алғалы өмірдің өзі қиындап кетті. Осы жерден көкөніс сататын орын ашсақ деп армандап жүр едік. Енді міне, қазір сол арманыма жеттім. Болашақта кәсібімнің жемісін жесем деген мақсатым бар», – деді  зейнеткер Сағатқали Сағидуллин.

Жалпы «Іскер отбасы» бағдарламасы «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасының негізінде құрылған. Бастаманы қолдау мақсатында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Бостандық және Әуезов ауданындағы бос жатқан ғимараттарды көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға пайдалануға берген. Қазір мұнда сұлулық салоны, білім беру орталығы мен аспаздық цехы секілді түрлі мекемелер жұмыс істеп тұр.

«Бұл ғимарат бұрын ауылдық әкімдік болған. Үш жылдан аса «Алматы» әлеуметтік корпорациясының балансында тұрды. Ескі нысан болғандықтан, ешқандай инвесторлар қызығушылық танытпады. Сондықтан біз көпбалалы отбасыларға көмектесуді ұйғарып, ғимаратты бердік. Соның арқасында іскер аналар өз қаражаттарына жөндеу жұмыстарын жасады, қазір белсенді жұмыс істеп жатыр», – деді  «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Білісбеков.

Сондай-ақ шаһарда шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі цифрлық салада қызмет көрсететін мына компания - төлемдерді қас-қағым сәтте аударуға мүмкіндік беретін банктік карточкалар шығарады. Кәсіпкерлер бизнесін іске асыру мақсатында Almaty Finance-қа жүгініп, 240 миллион теңге көлемінде жеңлдетілген несие алған.    

«Бір жарым жыл бұрын кәсіпкерлерге қолдау көрсететін бағдарлама бар екенін білдік. Пандемия жағдайында бізге де көмек керек болды. Нәтижесінде Almaty Finance арқылы жеті жылға 6 пайыздық мөлшерлемемен қарыз алып, қазір кәсібімді жүргізіп жатырмын», – деді  компания басшысы Ғани Өзбеков.

Бизнесті іске асыру үшін бастапқы қаржаттан бөлек, арнайы кепілдіктің қажет екені белгілі. Осы тұста «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кепілдікке жетіспейтін соманы қамтамасыз етіп отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров