Алматының Әуезов ауданында көпшілік серуен құрып, демалатын саябақ салынады. Жаңа қоғамдық орын Таугүл-3 ықшамауданында бой көтермек. Алда атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бүгін қалалық мәслихат депутаттары танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуезов ауданында жалпы саны 966 тұрғын үй ауласы бар. Осы күнге дейін 640 аула күрделі жөндеуден өтсе, қалғанының құрылысы тұралап тұр. Ол үшін аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен қаржы бөлу керегін айтады. Атқарылған жұмыстармен бүгін қала мәслихатының депутаттары танысып шықты. Оларға сондай-ақ Таугүл-3 ықшамауданында салынатын жаңа саябақтың жоспары көрсетілді. Жауаптылардың айтуынша, онда балалар ойнайтын алаң мен саябақ салу да көзделген.
– Әуезов ауданы өзіңіз білесіз, тығыз орналасқан. Бір ауданда 65 мың халық болатын болса, бізде бір шағынауданда ғана 65 мың адам бар. Сондықтан да ол жерде балалар ойнайтын алаң бар, сондай-ақ тұрғындардың бәрі демалады, – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Шархан Тұрсынбаев.
Ауданда мектеп пен балабақша жетіспеушілігін шешу мақсатында да бірқатар шаруа қолға алынбақ. 380 балаға арналған жалпы білім беретін №72 мектепте қазір 480 оқушы оқиды. Мекемені кеңейту мақсатында аудан әкімдігі қосымша ғимарат салуды қолға алмақ.
– Құрылыс басқармасы есептеп 1200 немесе 1500 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Жер қатынастары басқармасы жұмысын бітіргеннен кейін, мектептің құрылысы басталады, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.
Мәслихат депутаттары барған тағы бір нысан ¬ Райымбек көшесі бойында орналасқан балабақша. Ғимарат 1990 жылы жекенің меншігіне өтіп, содан бері қараусыз қалған. Әкімдік алдында бөбекжайды жаңартып, ел игілігіне пайдалануға беру мақсаты тұр. Қазір бұл жерді мемлекет үлесіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Басты мақсатымыз – қандай бюджетте өтінімдер келеді, солармен танысып, көзбен көру. Пролемалар бар, оларды шешуге де мүмкіндік бар. Депутаттармен біргешешу жолын қарастыратын болдық, – деді қалалық мәслихаттың төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Қалалық мәслихат депутаттары сондай-ақ Райымбек пен Сайын көшелерінің қиылысындағы айналма жолға да ат басын бұрды. 2005 жылы салынғаннан көпір күрделі жөндеуді қажет етеді. Халық қалаулылары жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесін қарастыратынын жеткізді.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда бірінші сыныпқа қабылдау қашан аяқталады