3 сағатқа созылған кездесуде көптің көкейіндегіні тыңдаған әкім әлеуметтің әлеуетін көтерудің басты мәселе екенін айтты
Биыл Наурызбай ауданында 4500 орындық 3 жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен өткен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Наурызбай ауданының тұрғындары бүгінгі кездесуде негізінен жол, су, мектеп тапшылығы мәселесін көтерді. Оған әрине, негіз бар. Шаһар басшысы өз баяндамасында айтқандай, қазір мұндағы мектеп жетіспеушілігі 7800 орынға жеткен. Жалпы 20 мектеп жұмыс істегенімен, аудан тұрғындары әлі де жаңа оқу орнына мұқтаж. Аталған мәселені шешу үшін биылдың өзінде 3 мектеп қолдануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«6 сыныпта оқитын балам 157-мектепте оқиды. Өте алыс. Екіншіден ол мектепте бала саны өте көп. Жақында Қалқаманда бір мектеп салынуы керек еді. Сол мектеп ашылды ма? Оның үстіне мына жаңадан ашылған Абай көшесінің жоғары жағында тағы бір мектептің құрылыс басталды деп естігенмін. олда тоқтап қалған сияқты», – деді аудан тұрғыны.
«Сіз айтып тұрған Абай көшесіндегі мектеп биыл салынып бітті. Қазір бала қабылдап жатыр. Мектепке барып тіркеліңіз», – деді қала әкімі.
Қала басшысының тұрғындармен өткен кездесуі түрлі саланы қамтыды. Сондықтан, көптің сауалына жауап беріп, мәселенің шешімін табу үшін тиісті мекемелердің басшыларына тікелей міндет жүктеліп отыр. Ал 3 сағатқа созылған кездесуде көптің көкейіндегіні тыңдаған әкім әлеуметтің әлеуетін көтерудің қай кезде де басты мәселе екенін айтты.
«Нұрлы даланың тұрғынымын. Өткен жылы тамыз айында ипотекамен үй алғанмын. Түрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Жел соғып еді, шатыры ұшып кетті. Трассада тізеден келетін су. Аулада мүгедектігі бар адамдар үшін қолайсыз.Балалар футбол ойнайтын жер де жоқ. Не балабақша, не мектеп жоқ», – деді қала тұрғыны Данияр Ахметжанов.
«Хатыңызды алып кетейін. 2 жеті уақыт беріңіздер. Мәселенің шешімін табуға тырысып көрейік», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев
Мәселесін қала басшысына тікелей түсіндіріп, сауалына жауап алған тұрғындар әкім берген тапсырманың сәйкесінше орындалуын күтеді. Ал сұрақтың көп, уақыттың аз болуына байланысты айтарын жеткізіп үлгермеген азаматтар жазбаша сауал жолдады.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы