Биыл Алматыда шағын және орта бизнеске 46,1 млрд теңге несие берілді

Биыл Алматыда шағын және орта бизнеске 46,1 млрд теңге несие берілді
Соның нәтижесінде 2,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері шағын және орта бизнес өкілдеріне 46,1 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға көп. Соның нәтижесінде 2,5 мың жаңа жұмыс орны құрылып, шаһардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Сондай-ақ, экономиканы дамыту мақсатында 2023 жылға дейін Индустриалды аймақ та жаңа инвестициялық жобалармен толықпақ. Ол үшін 4 өндірістік парк пен полиэтиленді өңдеу зауытын іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Зарина Ахметқызының медицина саласында жұмыс істеп келе жатқанына 9 жыл болған. Бүгінде өзі басқарып отырған «Рахат» клиникалық орталықтарының кеңеюіне барынша үлес қосуда. 2019 жылы кәсібін дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 120 млн 300 мың теңгелік субсидияға ие болған. Ал биыл Almaty Business-тің қолдауына жүгініп, 140 млн теңге несиеге заманауи жабдықтар алыпты.

«Даму» бағдарламасы бізге үлкен көмек көрсетті. 2015 жылдан бастап, 300 млн теңге көлемінде несие алып, жаңа орталықтар аштық. Соның арқасында Қазақстанда қолданысқа енбеген, инновациялық медициналық құралдар алып жатырмыз. Бұл өз кезегінде ең үздік мамандарды тартуға мүмкіндік берді. Қазір 320 дәрігер жұмыс істейді», – деді «Рахат» медициналық орталықтарының басқарушы директоры Зарина Жұматаева.

Бүгінде шаһарда кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», «Аграрлық өнеркәсіптік кешен», «Алматы Бизнес-2025» бағдарламалары іске асырылуда. Осы ретте Үкімет биыл бұл жобаларға өзгерістер енгізді. Мәселен, қаржыландыру сомасын ұлғайтып, несиелік мөлшерлемелерді азайтқан. Өңірлік бағдарлама шеңберінде осындай тиімді несиеге ие болған Еуразия технологиялық университеті жаңа ғимараттар салуда. 

«Бизнестің жол картасы» аясында 2018 жылы осы ғимаратымызды салып, қазіргі таңда 2 мыңнан астам студент оқуда. Бұл екі ғимаратты салу үшін 1,6 млрд теңгедей несие алынған. Осындай көмектің арқасында жаңа ғимараттарға қол жеткізіп, заманға лайық технологиялармен студенттерімізге білім беріп жатырмыз», – деді Еуразия технологиялық университетінің ректоры Медет Тұрғанбаев.

Бұған дейін тек 1 ғимараттан тұрған оқу мекемесі мемлекеттің қаржыландыруы нәтижесінде кеңейіп отыр. Қазір онда лицей мен университет бар. Жаңа корпус та салынып жатыр. Соның нәтижесінде, білімгерлер саны 2 мыңнан асқан. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы осындай жобалар негізінде шаһарда экономиканың құлдырауына жол берілмеді дейді. 

«Жалпы, жыл басынан бері 192 млрд теңгеден астам қаржыға 1300 жоба мақұлданып, 2500-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, «Алматы бизнес-2020» бағдарламасы аясында кепілсіз несие енгізілді», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әділ Жанкин.

Одан бөлек, бүгінде қалада бизнесті дамыту үшін «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы жұмыс істейді. Онда жыл басынан бері тегін негізде 30 мыңнан аса кеңес беріліп, 568 бизнес жоба әзірленген. 

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров