Көпті мазалаған қоғамдық көлік мәселесі жақын күндері толық шешім табады. Ал емханаларда халық бұдан былай кезекке таласпайтын болды. Жаңадан берілген тұрғын үйдегі кем-кетікті түзеуге аудан әкімдігі көмектеспек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Наурызбай ауданы – Алматының сүт кенжесі. Биыл құрылғынына 8 жыл толды. Осы аралықта ауданға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгін қала әкімі Ерболат Досаев наурызбайлықтармен үшінші рет кездесуге барды. Көтерілген сұрақтар ішінде автобус мәселесі өте өзекті.
«Балалар 26 автобусты өте көп күтеді. Кешкі сағат 18-30-да шыққан бала сағат 20-30-да үйге жаяу келеді. Жарты сағат, бір сағат күтіп қалады. Одан кейін автобустың іші кішкентай болғандықтан, адам тез толып қалады», – деді қала тұрғыны.
«Көше тар болғандықтан үлкен автобус сыймайды. 12 метрлік автобустар бар. Олар кіргеннен кейін, бұрылып, кері қайта алмай қалады. Сәл күте тұрыңыздар. Қалған екі автобус жөнделсін, уақыт аралығын азайтып,қалпына келтіреміз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Соңғы уақытта Наурызбай ауданына қарайтын ықшамаудандарда қоғамдық көліктің жетіспеушлігі байқалады. Қазір нөмірі 26 бағыттағы 5 автобустың орнына үшеуі жолда жүр деді жауапты басқарма басшысы Ғани Мырзаханов. Өйткені, бұзылып қалған қоғамдық көліктің жабдықтары Ресейден енді әкелінді. Олар 15 күнде жасалып, қайта жұмысқа кіріспек. Одан кейінгі маңызды мәселе - емханадағы таусылмайтын кезек.
«Шұғыла ықшамауданының тұрғынымын. Біздің Шұғылада №36 емхана бар. Дәрігердің алдына кіру, ем қабылдау мүмкін емес. Себебі, барлық уақытымыз кезек күтумен өтеді. Білесіз, Шұғылада тұрғын үйлер салынып жатыр. Тұрғын көптеп көшіп келіп жатыр. Тіпті, талон алатын кезде де 2 айсыз, 1,5 айсыз кезегіміз келмейді», – деді қала тұрғыны.
«3 емхана салынғаннан кейін мәселе шешіледі. Емхананың алғашқысын Құрамыста келер жылы бастаймыз. Осы енді жазға дейін. Ал басқаларын құжаттары дайын болса бастаймыз. Қаражат дайын. Құжат жағын реттеу сәл уақыт алып тұр. Бір жылдай күтесіздер», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Аудан жаңадан дамып келе жатқандықтан тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Ал қолданысқа берілгендерінің дені сапасыз. Халық біріншіден, асығыс-үсігіс салса, одан кейін құны арзан тұратын құрылыс материалдарын қолданғанын айтып, шағымданды.
«7 қазаннан бастап 19 қазанға дейін ауыз сусыз отырдық. Өзім бірінші топтағы мүгедекпін. Астынан су тасыдық. 5 этажға көтерілдік. Кейде электр жарығы өшіп қалады. Жеделсаты істемейді. Екінші сұрағым 15 қазанда АЖК қол қойды. Алдыңғы компания жертөлеге сапасыз трансформатор қойып кеткен. Енді бір-бірінен қабылдап, ала алмай жатыр», – деді қала тұрғыны.
«Сұрақтарды бқліп қарастырайық. Әуелі, жаңа су құбырын салынып жатыр, қарашаның соңына дейін аяқталады. 1 км 200 метр жаңа темірден салынған құбыр қойылады. Екінші сұрақ бойынша АЖК-мен әкімшілік бірге жұмыс істейді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Бардық, халықпен кездестік. Екі рет алдыңғы компанияны сол жерге шақырттық. Иә, мәселе бар екен. Қазір өзіміз график жасап, шара қолданамыз. Кәрізге қатысты сұрақты бүгіннен бастап комиссиямен барып, қарастырамыз. Суды сіздерге түсіндірдім», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғаев.
Тағы бір тұрғын үй кешенінде әлі күнге дейін газ жоқ. Түрлі жауапты желеу еткен құрылыс компаниясы ел-жұртты көгілдір отынға қоспаған көрінеді.
«Газ мәселесі. Қашан бізге газ қосылады? Жалдамалы пәтер ретінде Alma City 5тұрғын үй кешені өткен жылы сәуір айында берілді. Әлі күнге газ жоқ», – деді қала тұрғыны.
«Тұрғын үй кешені толық беріліп болған жоқ. Бір подьезде бар, екінші подьезде жоқ. Оны өзіңіз білесіз. Ертең бірнәрсе болып қалмауы үшін нормативті акт бойынша 90 пайыз барлық жерде болуы керек. Қазақстрой әкімшілікпен сөйлесіп, қандай үй дайын болса, өтінім бере беріңіздер», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Белгіленген уақыттан ұзағырақ отырған әкім аудан тұрғындарының барлық сұрағына жауап беруге тырысты. Ал мәселесін микрофонға айтып үлгермегендеріне арнайы жәшік қойылды. Онда мамандар сұрақтарды қалай жазу керектігін түсіндіріп отырды.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы