Экология, тұрғын үй, жол құрылысы: Алматы әкімі ОКҚ-де тілшілер сұрағына жауап берді

09.12.2021 01:47

Қала әкімі құрылысшылардың Алматы орталығының сәулеттік келбетін бұзбайтын жаңа ережелер бойынша жұмыс істеп жатқанына тоқталды

Алматыдағы ЛРТ желісі Талғарға дейін созылады. Ірі жол жобасын жүзеге асырумен айналысатын инвестор белгілі болған. Сонымен қатар мегаполисте «Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй беру жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Мегаполис басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласын дамыту туралы баяндама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Алматының 2 мың жас тұрғыны баспанамен қамтылады. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ары қарай да шешімін таба беретінін жеткізді. Былтыр бағдарлама аясында 14 млрд теңге бөлінген. Биыл баспана бағасы қымбаттағандықтан, 18 млрд теңгеге дейін көбейтілді.

«Былтыр 1000 пәтер алды. Оның ішінде квота бойынша, 300 дәрігер, 300 мұғалім, арасында спортшылар, журналистер, мәдениет, білім, ғылым саласының өкілдері бары. Биыл да сол квоталық есеп бойынша 1000 пәтер беріледі. Келесі жылы да бұл бағдарлама жалғасады. Өйткені өте үлкен сұранысқа ие болып отыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан бөлек, журналистерді Алматыда экология мәселесі қалай шешімін тауып жатқаны қызықтырды. Аталған түйткіл шаһарда «Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама шеңберінде 530 мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Жалпы үш жылда 1 миллион көшет егу көзделген. Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселеде ең басты міндеттің бірі – 2-ЖЭО-ын газға көшіру жөніндегі проблеманы шешу. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында басталады деп жоспарлануда. Ал станцияның бірінші блогын газ отынымен қосу 2023 жылдың соңына жоспарланып отыр.

«2-ЖЭО - да «Самұрық-Қазына» басшысы Сәтқалиев мырза баяндағандай, жұмыстар барлық бекітілген кестелер бойынша Президент нақты орындалуына тапсырма берді. 2026 жылдың соңында жаңғырту аяқталуы керек. Жыл сайын 600 МВт, 200 МВт жеткізу көзделген. Өйткені станция жұмысын тоқтатуға болмайды. Біртіндеп 200 МВт-тан қосамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнен тығыз орналасқан үйлер құрылысы туралы да сұрады. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, құрылысшылар қазір Алматы орталығының сәулеттік келбетін бұзбайтын жаңа ережелер бойынша жұмыс істеуде. Бұл ретте орталықтағы құрылыс тығыздығы гектарына 300 адамнан аспауы тиіс. Ал құрылыс жүргізетін компания алдымен тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізуге міндетті. Осылайша қала тұрғындарынан нысанның бой көтеруіне рұқсат алады.

«Біз қала тұрғындарымен белсенді талқыладық. Алматыда пікірсайыс қызу жүріп жатты. Біз тіпті қоғамдық тыңдау ұғымын енгіздік. Құрылыс салушыларға әкімдікке немесе басқармаға келмес бұрын, адамдармен не салғысы келетінін және қалалықтардың көңілінен шығатынын анықтап аламыз. Тығыздық, нүктелік, биіктік және әлеуметтік нысандарды табу – мұның бәрі қала тұрғындарымен бірге жасалды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алатау мен Наурызбай аудандарында жарық пен ауызсу мәселесі өзекті. Оның себебі инфрақұрылымдарының тозығы жеткен. Бүгінде аудандардың халқына жайлы жағдай жасау үшін жұмыстар жасалып жатыр. Келесі жылы Ақжардағы су проблемасының түйіні тарқатылады.  Ал екі ауданда жарық жиі өшпес үшін бүкіл трансформаторларды мемлекет меншігіне қайтару басталған. Сонымен қатар көлік кептелісі проблемасынан арылу мақсатында Талғарға дейін электропойыз желісін салу үшін инвестормен келіссөздер жүргізілген. Бұл жобаны мемлекет басшысы да мақұлдапты. Сондай-ақ Алтын Орда базары маңындағы кептелесті жою үшін метроның соңғы нүктесін Алтын Ордаға дейін өзгерту мәселесі пысықталуда. Бұл Қаскелеңнен басталатын кептелісті жоюға сеп болады.  

Брифинг 2 сағатқа жалғасты. 20 жуық журналист онлайн және оффлайн форматта 30-дан астам сұрақтарын қойып үлгерді. Атап айтар болсақ, тілшілер тарапынан «омикрон» штамына қарсы қабылданып жатқан шаралар, креатив хабтар желісін дамыту, медицина мамандарының тапшылығы, ІТ мүмкіндіктерін барлық салаларда кеңінен қолдану, қаланы көгалдандыру,  жас кәсіпкерлерді қолдау секілді өзекті сұрақтар жолданды. Әкім барлығына егжей-тегжейлі жауап берді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы