Министрге вакцинаны сақтайтын орталық қойма таныстырылды
Алексей Цой жиыннан кейін Алматыдағы медицина нысандарын аралап, Covid-19 инфекциясына қарсы шараларды пысықтады. Сондай-ақ, вакцина сақтау қоймасында болды. Министрдің сөзінше, сәуірде коронавирусқа қарсы екпенің жаңа партиясы жеткізіледі. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтады.
Алқалы жиыннан кейін еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бірқатар медициналық нысанды аралады. Алматыдағы ең ірі клиника саналатын №7 аурухананың техникалық қауқары мен медициналық жабдықталуын көрді. Сондай-ақ, министрге вакцинаны сақтайтын орталық қойма таныстырылды.
Жалпы ауруханаға тәулігіне шамамен 250-300-дей пациент әртүрлі ауыр жағдайда көмекке жүгінеді. Мұнда науқастардың 80 пайызы жедел жағдайда түседі. Бүгінде 1900-дей медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр. Коронавирус індетіне төтеп беру үшін арнайы инфекциялық бөлім ашылып, онда бар жағдай қарастырылған.
«Бізде 50 төсек-орын дайындалған, қазір онда ковидпен ауыратын 30 пациент ем алып жатыр. Егер эпидемиологиялық жағдай күрделенетін болса, онда бізде Б жоспары бар. Яғни, төсек-орын санын 300-ге дейін көбейтеміз. Коронавирус инфекциясын емдеп, алдын алуға керекті дәрілер мен медицина құралдары артығымен бар», – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Манас Рамазанов.
Аурухананың жұмысын шолып өткен соң Алексей Цой №4 қалалық емханаға барды. Министрдің сөзінше, сәуір айында елімізге коронавирусқа қарсы 3 миллионға жуық вакцина дозасы жеткізілмек. Оның алғашқы партиясы яғни 150 мың доза алдағы аптада әкелінеді. Бас дәрігер екпенің сақталуын, олардың жеткілікті деңгейде бар-жоғын пысықтады.
Вакцина алатын адам ең алдымен толық медициналық қараудан өтеді. Яғни, пациенттің дене қызуы, қан қысымы және тамағы тексеріледі. Тек содан кейін ғана екпе алуға рұқсат беріледі.
«695 адамға жасалды. Оның 530-ы медицина қызметкерлері, 230-ы педагогтар. Екі этаптан өтіп жатыр. Одан кейін халыққа саламыз», – деді №4 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Айтолқын Жаңабаева.
Сондай-ақ, 85 мың адам тіркелген емханада науқастарға жедел көмек беретін алты мобильді бриагада құрылған. Жалпы қалада пациенттерге амбулаториялық бақылау жасау үшін мобильді бригадалардың жұмысы жақсы жолға қойылған. Қазір шаһар бойынша сондай 768 топ жұмыс істейді.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы