Жеңілдікті несиелеу 12 айға дейінгі мерзімге айналым қаражатын толықтыру үшін қарастырылған
Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнеске жылдық 2%-бен жеңілдетілген несие беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласының мәслихаты «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасына 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері үшін жаңа несиелік өнім енгізу бөлігінде өзгерістерді бекітті. Жеңілдікті несиелеу 12 айға дейінгі мерзімге жылдық 2%-бен 10 млн теңгеге дейін айналым қаражатын толықтыру үшін қарастырылған. Қарыз кепілге немесе «Алматы» ӘКК» АҚ ішінара кепілдігімен беріледі.
«Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген, бағдарлама операторы «Almaty» МҚҰ» ЖШС болып табылады. Кәсіпкерлерге өтінім беру үшін мына мекен-жайға хабарласу қажет: Алматы қаласы Байзақов көшесі 303, каб 201, Алматы МҚҰ кеңсесі, анықтама телефоны 2810 (ұялы телефоннан тегін), +7 727 356 02 80 (қалалық нөмірлерден)», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Бұрындары ХӘОТ санатындағы (халықтың әлеуметтік осал топтары) тұлғаларға және өндірістік парктердің резиденттеріне «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында жылдық 2%-бен жеңілдетілген несиеге қарастырылған болатын.
Сонымен қатар, Алматыда зардап шеккен ШОБ субъектілері коммуналдық шығындардан 3 айға, қаланың коммуналдық меншігін жалға алушылар 6 айға жалдау ақысынан босатылды. Қосымша, «Almaty Finance» ЖШС және «Almaty» МҚҰ» ЖШС-да оларға негізгі қарызды өтеу бойынша мерзім кейінге қалдырылды, 180 күнге дейінгі мерзімге несиелік міндеттемелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар жойылды.