Алматыда «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед» атты мәуліт кеші өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Рухани кешті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен қалалық әкімдік ұйымдастырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Республика сарайында «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед» атты мәуліт мерекесі аталып өтілді. Рухани кешті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен қалалық әкімдік ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Пайғамбар өмірін ұлттық аспапта жырлаумен басталған іс-шара танымдық, тәрбиелік тақырыптарға арналды. Бұған дейінгі мәуліт мерекелерінде көпшілікке Пайғамбарымыздың балалық шағы, одан кейін пайғамбарлықтың келуі мен Бәдір соғысы жайлы жеткізілген еді. Ал биыл тақырып аясы біршама кеңіген.

«Өкінішке қарай, індеттің себебінен Мәулітті осындай кең көлемде тойлай алмай қалдық. Сондықтан бүгінде халқымыздың бұл мерекені сағынып қалғаны байқалады. Алла Тағала ниет-тілегімізді қабыл етсін, халқымыздың ниетін қабыл етсін!», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти наурызбай Қажы Тағанұлы.

Сарай сахнасында бірқатар көрініске де кезек берілді. Тәуекел ету мен теріс қылықтан аулақ болуды, бала тәрбиесі мен ата-ана рөлін айқындаған рухани кеш көпшілікке айрықша әсер қалдырды. Ал іс-шара соңында мәуліт кешінен түскен қаражат 8 мұқтаж жанға табысталды.

«Мәуліт мерекесі қазақ даласында ежелден аталып өтуде және бұрынғысы араб тіліндегі мәуліт жырларын оқу болса, елімізге Тәуелсіздіктің келуімен басқаша форматта жамағатқа ұсынылып жүр. Бұл жерде діни илләһи әндер мен уағыз-насихаттар айтылып, соңғы жылдарда Мәуліт мерекесі өзіміздің дәстүрге сай домбырамен жырланып жүргенін атап өткен жөн», – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

Рухани кеш Пайғамбардың асыл қасиеттерін дәріптеп қана қоймай, ел арасындағы имандылықты арттыру мен көпшілікті тұрақтылыққа шақыруды басты мақсат етті.

Айта кеткен жөн, Алматы орталық мешітінің тұрақты жамағаты мүгедек жігітке умра қажылығының сертификатын табыстады.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров