Алматыда бірнеше жекеменшік үй көгілдір отынға тегін қосылады

22.12.2021 01:50

Төтеншеліктер жекеменшік үйлердегі жылу жүйесіне тексеру жүргізді

Almaty.tv

Алматыда жыл басынан бері жекеменшік үйдегі өрт салдарынан 7 адам қаза тапқан. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қызыл жалынның тұтануына пеш пен мұржаның ақаулары басты себеп болған. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері жекеменшік үйлерге рейд жүргізіп, техниканың дұрыс пайдаланылып жатқанын тексеріп отырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жылыту маусымы басталғалы төтеншеліктер қауіпсіздік ережесінің сақталуын қадағалап әлек. Олардың сөзінше, кейбір тұрғындар дәл сол ережеге немқұрайлы қарайтын көрінеді. Себебі жекеменшік үйлердегі пеш талаптарға сай келмейді. 

«Өрттің шығуына көбіне жекеменшік үйлердегі тозығы жеткен пештер мен тазаланбаған мұржалар себеп болады. Сондықтан қайғылы жағдайды болдырмас үшін бұл істе жауапкершілік танытуға шақырамыз», – деді Әуезов аудандық ТЖБ аға инженері Исламбек Байгелов.

Пештің ақауы салдарына түтін мұржадан шықпай, үйдің ішіне тарап, адамның улануына әкеп соқтырады. Сондықтан құтқарушылар пешті әктеп, еріктілер алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын көрсетті.

Төтеншеліктердің айтуынша, улы газды адам бірден сезе қоймайды. Сондықтан үйге уланудан қорғайтын құрылғыны орнатуды ұсынады.

«Әуезов ауданында шамамен 7358 үй болса, соның 66-ы көгілдір отынға қосылмаған. Яғни, олар көмір тұтынады. Алдағы уақытта қайырымдылық көмек ретінде 4 шаңыраққа газ желісі тегін жүргізілуі керек», – деді Әуезов аудандық ТЖБ аға инженері Исламбек Байгелов.

Жыл басынан бері қаладағы жекеменшік үйлерде өрт салдарынан 7 адам қаза тапты. Мегаполистің жеке секторы аумағында барлығы 420-дан астам өрт оқиғасы тіркеліпті.

Оразай Нұртай, Дамир Әнитов, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы