Бұл – алатаулықтардың аудан әкімімен пандемия жағдайынан кейінгі алғашқы кездесуі
Кәріз жүйесі мен арықтардың тапшылығы. Қоғамдық көлік пен сапалы интернеттің жоқтығы. Бұл Алматының Алатау халқын алаңдатқан әлеуметтік мәселелер. Бүгін аудан әкімі тұрғындармен жүзбе-жүз кездесті. Еркін диалог форматында өткен жиында көпшілік өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті басқармалардан жауап алды. Оның біразы кездесу барысында шешіліп те жатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – алатаулықтардың аудан әкімімен пандемия жағдайынан кейінгі алғашқы кездесуі. Бұған дейін аудан басшысы тұрғындарды онлайн және жеке-жеке қабылдап отырған еді. Қордаланған мәселе көп. Басым көпшілігі – әлеуметтік сұрақтар. Соның бірі – кәріз жүйесін салу.
«Мені мазалап тұрған нәрсе жеке шаруам емес, бүкіл бір көшенің шаруасы. Айгерім шағынауданындағы Бокин көшесінде тұрамын. Бізге екі көшеден су жиналады. Соған арық керек. Содан соң кәріз жүйесі керек», - деді Алатау ауданының тұрғыны Шырын Әбілдаева.
Аудан әкімі өз есебінде Ақбұлақ, Өжет және Самғауда ұзындығы 150 шақырым болатын кәзір құбырының жұмысы жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар биыл Томирис пен Шаңырақ-2 шағынаудандарында дәл сондай жұмыстың жоспарланғанын айтты. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталмақ.
«Біздің басты мәселеміз – бізде автобус маршруты жоқ. Мен 2004 жылдан бері осында тұрамын. Әлмерекке автобус шығарып берсе дейміз. Менің балаларым оқып бітіріп кетті. Енді немерелерім бар, көршілеріміз бар, адам көп. Сондықтан осы мәселені бізге шешіп берсе екен», - дейді Алатау ауданының тұрғыны Рәзия Мақатаева.
Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтың айтуынша, тұрғындардың 60 пайызы қала орталығына барып жұмыс істейді. Сол себепті ауданда қазір қоғамдық көлік мәселесі өзекті.
«Біз бұл мәселені қалалық мобилділік басқармасына жеткізіп жатырмыз, бізге қала орталығымен байланыстыратын автобус керек. Қазір әкімдік қалалық мобильділік басқармасына 300 автоюбусқа тапсырыс берді. Сол үш жүз автобустың жартысын тек Алатау ауданының өзіне бөлу жоспарланып отыр», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Тұрғындар үшін медициналық қызмет сапасын арттыру маңызды міндет. Бұл ретте аудандағы №14 емхананың жұмысына шағымданушылар көп. Бірі мүгедектікке шыға алмай жүргенін айтса, енді бірінің дәрігерлердің жұмысына көңілі толмайды.
«Мен ІІ топтағы мүгедекпін. Әскери қызмет істеп жүріп, басымнан жарақат алғанмын. Мүгедекке қағаз толтыратын кезде №14 емханаға жақындау мүмкін емес», - дейді тұрғындардың бірі.
Тұрғындармен тілдесуге емхананың бас дәрігері арнайы келді. Мәселенің себебін мамандардың жетіспеушілігімен түсіндірді.
«Қазіргі осы екі айдың ішінде 14 маманды жұмысқа қабылдадық. Жұмысты алдағы уақытта жүргіземіз. Мүгедектік бойынша Алматы қаласы жаңа жобаға кірді. Енді олар көп әуреге түспейді. 3 күннің ішінде енді жұмыстарын аяқтай алады», - деді қалалық №14 емхананың бас дәрігері Бақытжан Мұсаев.
Жұртшылықты алаңдатқан тағы бір сұрақ – интернет желісі. Аудан әкімінің мәліметінше, жақында «Меганет» компаниясымен келісімшарт жасалған. Қазір Алғабас пен Теректіде желілерді тарту басталып кетті. Жұмыс толығымен аяқталса, Ақбұлақ, Әйгерім, Ұлжан 1 мен 2, Мәдениет пен Көкқайнар шағынаудандары да сапалы интернет желісімен қамтылады.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы