|
26.01.2022 | 19:51
720

Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі жақын күндері өтемақы алады

Мемлекеттік бюджет есебінен шығынды өтеудің басты шарты – тиісті құжатты мүмкіндігінше ертерек тапсыру

Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі жақын күндері өтемақы алады Фото: Almaty.tv

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі жақын күндері өтемақы алады. Аталған ақпарат бүгінгі арнайы аймақтық комиссия өкілдері ұйымдастырған жиында мәлім болды. 1500-ге жуық шағын және орта бизнес иелері қатысқан кездесуде мемлекеттік бюджет есебінен кімнің, қалай қолдауға ие болатыны да жете түсіндірілген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

     

Күні кеше ел үкіметі қаңтардағы тәртіпсіздік салдарынан шағын және орта бизнеске келген залалды өтеуге байланысты бірқатар өзгерістер енгізген еді. Соның негізінде бүгін кәсіпкерлерге өтемақы алудың жолы көрсетілді. «Бұған дейін бірыңғай жүйе енгізілгенімен, оны түсіну қиын еді» дейді көпшілік. Сондықтан туындаған сауал да аз емес-ті. Миллиондап шығынға батқандар бүгін өңірлік комиссия өкілдерінен сол сұрақтардың жауабын алуға тырысты.

«Шығыным 4,5 миллион теңге болып отыр. Бәрін қиратып кетті, көп нәрсе ұрланды. Бүгінгі күнге 30 процентін өз ақшаммен қалпына келтіріп отырмын. Қалған 70 процентін мемлекеттен алсам ба деп ниеттеніп отырмын», - дейді жеке кәсіпкер Серік Қадыров.

Мемлекеттік бюджет есебінен шығынды өтеудің басты шарты – тиісті құжатты мүмкіндігінше ертерек тапсыру. Мұның ішінде келтірілген залалдың жалпы сомасы да анық есептелуге тиіс. Айта кету керек, бүгінге дейін шағын және орта бизнес субъектілерінен 62 өтінім түссе, оның екеуі ғана құжаттарды толық өткізген.

«Сәрсенбі күні біз жергілікті бюджет есебінен кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін қаржы бөлдік. Қазіргі таңда 2 кәсіпкерге толық өтемақы тағайындалды. Мүмкіндігінше жақын уақытта көмекке ие болу үшін барлық жапа шеккен азаматтарды бүгіннен қалдырмай өтініш беріп, құжат тапсыруға шақырамын», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

Осыған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат көздерінде қаңтар оқиғасында жапа шеккен ломбардтар мен ақша айырбастау пунктерінің шығыны өтелмейді деген мәлімет тараған еді. Арнайы комиссия өкілдері бүгін мұндай кәсіп иелеріне сот сараптамасының негізінде өтемақы төленетінін растады.

Жалпы, Алматыдағы тәртіпсіздік пен тонау кезінде 1581 кәсіпкер зардап шеккен. Олардың шығын сомасы қазір 45,6 млрд теңгеге жетіп отыр. Ал өңірлік комиссия жұмысына нұқсан келген нысандар бойынша дерек жинауды әлі де жалғастырып жатыр.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир