Сондай-ақ Өнер мұражайы жанындағы саябақ та дәл 70-ші жылдардағы кейпіне қайта енді
Алматыда аты аңызға айналған «Неделька» субұрқағы тарихи қасбеті сақтала отырып, қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайының жанындағы сквер мен субұрқақ та жөндеуден өтті. Осылай, жарты ғасыр бұрын салынған нысандар бүгінде қайта іске қосылып, алматылықтарға ерекше қуаныш сыйлауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Неделька» субұрқағы 1972-ші жылдары салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген нысан бүгінде көптің сұрауымен жаңарып отыр. Халықтың игі тілегін жүзеге асырған қала әкімдігі фонтанның ескі қасбетін сақтай отырып, қайта іске қосты. Сонымен қатар, сәулетшілер сол маңдағы саябақ пен Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының алдындағы гүлзарды да қалпына келтірген.
«Ескі нысанды қайта жөндеу өте қиын үрдіс. Себебі, тарихи қасбетті жоғалтпау керек. Бірақ жаңа технологияларды қолдану маңызды. Осы ретте, субұрқақтың сатылы етіп қайта жасалғаны маңызды болып отыр. Соның нәтижесінде, су ластанбайды», – дейді сәулетші Нұрлан Хамитов.
Маңызды тарихи нысанның қасбетін қалпына келтіру үшін мұрағат деректері мен фотосуреттер де зерттеліпті. Соның нәтижесінде, саябақ пен субұрқақ максималды дәлдікпен тура 70-ші жылдардағы кейіпке қайта енген. Осылайша, «Неделька» субұрқағы қала халқына ерекше қуаныш сыйлап, мәдени демалыс орталығына айналып отыр.
«Басында мына жердің бәрі жабық, жаман болып тұрған еді. Бұл жерде ешкім жүрмейтін. Қазір жақсы болып қалды. Балам осы жерде судың дыбысын естіп ұйықтайды», - дейді қала тұрғыны Бота Оспанова.
«Қала көркейіп жатыр. Ал көздің жауын алатын субұрқақтар тіптен керемет! Серуендеп жүріп, жаның рахаттанады!», – дейді келесі бір тұрғын Гүлмира Қасымжанова.
Бүгінде қаланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүруде. Солардың бірі – Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайының жанындағы саябақ пен субұрқақ та жөндеуден өткен.
Алғаш іргетасы 70-ші жылдары қаланған музейдің алдындағы саябақ пен субұрқақ алғаш рет реставрацияланып отыр. Ал бұған дейін бір бөлігі жәй ғана көлік тұрағы болған еді. Қайта жаңарту жұмыстары кезінде мұндағы 2500 шаршы метр аумақ абаттандырылып, қараңғыда жарық беретін 15 прожектор іске қосылған. Осылайша, әдемі үйлесім тапқан көрініс тек қала тұрғындарын ғана емес, жай ғана өтіп бара жатқан жандарды да еріксіз сырға толы музейге тартады.
Ерекшелігі – тарихи қалыптасқан ландшафты көгалдандыру кезінде жаңа тәсілдер қолданылыпты. Мәселен, субұрқақтың сорғы жүйесінің жұмыс принципі сарқырамамен ауыстырылып, жарық жүйесі жүргізілген. Бұл өзгерістер алматылықтардың көңілінен шығып отыр.
«Қаланы өркендетіп, бала-шағамен қыдырып жүретіндей осындай парктер көп жасаса дейміз. Бұл жерге қария кісілер де жиі келеді. Әкем анда-санда ауылдан келген кезде осындай саябақтарға алып шығамыз», - дейді қала тұрғыны Марат Күнтуған.
«Мен опера театрында жұмыс істеймін. Түскі үзіліс кезінде саябақта демалғанға ештеңе жетпейді. Жан тыныштығы, табиғат аясы. Субұрқақтың сылдырын естіп, миың тынығады», - дейді тағы бір тұрғын Анастасия Барабекова.
Жалпы, бүгінде қаланың тарихи келбетін сақтауға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асуда. Соның ішінде, «Неделька» субұрқағы мен Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайының жанындағы саябақ – шаһардың өзіндік тұтас жасыл белдеуін құрап, қоғамдық кеңістіктермен үйлесетін маңызды нысандар.
Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы