Алматыда тарихи ғимараттар мен саябақтарды жөндеу жұмыстарына мониторинг жасалды

Алматыда тарихи ғимараттар мен саябақтарды жөндеу жұмыстарына мониторинг жасалды
Қоғамдық кеңес мүшелері олардың қаншалықты талапқа сай орындалып жатқанын тексерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда маңызды тарихи ғимараттар мен саябақтарды қайта жөндеуге жегілікті бюджеттен қомақты қаржы жұмсалады. Олардың талапқа сай орындалып жатқанын тексеру мақсатында қала белсенділері мен қоғамдық кеңес мүшелері бірнеше нысанға мониторинг жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұған дейін Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайының жанындағы саябақ, «Неделька» субұрқағы және Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының маңайындағы сквер тарихи қасбеті сақтала отырып жөнделіп, халық игілігіне берілген еді. Қоғам белсенділері жалпы атқарылған сапасына баға беріп, өз пікірлерін білдірді.

«Дайын іске сыншы көп» дейді. Бірақ біз аралаған нысандардан айтарлықтай ағаттық таппадық. Абай атындағы Опера және балет театрының жанындағы саябақ пен «Неделька» субұрқағы жақсы жасалған. Қолданылған құрылыс заттары өте сапалы. Ал материалдардың құны өте қымбат. Мәселен, мұнда бәрі, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршаулар шойыннан жасалған. Ал фонтан 70-ші жылдардағыдай тек мәрмәр таспен әрленген», – деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Сергей Пономарев. 

Сондай-ақ, қоғам белсенділері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының алдындағы аумақты да аралап шықты. Мұндағы жөндеу жұмыстары келесі жылы көктемде қолға алынып, 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Оған жергілікті бюджеттен 2,4 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Қалалық Жасыл экономика басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, маңызды нысан алғаш рет реставрациядан өтпек. Мамандар мұндағы субұрқақты жөндеу қиынға соғатынын айтады. Себебі, бұған дейін еш жөндеу көрмеген инженерлік желі мен құбырлар әбден ескіріп, тесіліп қалған. Енді автоматтандырылған суару жүйелері қойылып, көгалдандыру мен безендіру қолға алынбақ.

«Сомасы неге көп?» деген тәрізді көп сұрақ туындап жатыр. Ол жерде субұрқақты түгелдей бұзып, қайтадан қалпына келтіру керек. Өйткені, оның ыдысы су ұстамайды. Астындағы метро құрылысына су кіріп кетеді. Мұнда гидролизация, сондай-ақ, су ақпайтындай жоба қарастырылған. Қайтадан қалпына келтірілгенімен, архитектуралық келбеті өзгермейді. Алаңы түгел гранит таспен ауыстырылады. Жарық жүйелері толық ауыстырылады», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаев.

Новости партнеров