|
30.04.2021 | 19:01
9542

Болашақ ұрпаққа қажет: Алматының шеткі аудандарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр

Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік нысандарды шеткі аудандардың халқына қолжетімді етіп салуды қадап тапсырды

Болашақ ұрпаққа қажет: Алматының шеткі аудандарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр Almaty.tv

Алматы тұрғындары тәнінің саулығын сақтау үшін, алысқа сабылмауы тиіс. Жуырда ғана тұсауы кесілген «Жаңа Алматы» бағдарламасы осы қағидаға негізделіп әзірленген. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік нысандарды   шеткі аудандардың халқына қолжетімді етіп салуды қадап тапсырды. Сонымен қаланың қай жерінде жаңа, заманауи спорт нысандары бой көтереді? Қабылданған жобалармен Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек танысты.

Талдау нәтижесі, көптеген спорттық нысандардың әлі де болса, қала орталығында шоғырланғанын көрсетті. Ендігі мақсат  жаңа, заманауи кешендерді шеткі аудандарда тұратын бұқараға қол жетімді ету. Жаңа жобалар әзірленген кезде қала басшысы Бақытжан Сағынтаев дәл осындай міндет қойған болатын.

«Бүгінде қаланың шеткі аудандарында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Медеу ауданында біреу, Жетісуда үшеу, Алатау мен Түрксіб аудандарында бір бірден тұрғызылуда. Олардың құрылысы алдағы күзде аяқталуы тиіс», – деді  қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.

Жетісу ауданындағы мына дене шынықтыру-сауықтыру спорттық кешені бір тәулікте 560 адамға дейін қабылдауға қауқары жетеді. Қазіргі уақытта оның құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінде, өздеріңіз байқағандай, бағаналар орнатылуда. Ғимараттың көлемі 3 мың шаршы метрді құрайды. Алдағы қыркүйек айында толығымен тұрғызылып, халық игілігіне берілмек.

Ал, тұрғындар болса мұндай ғимараттың ашылуын асыға күтіп жүрміз дейді. Кешеннің құрылысы аяқтала салысымен балаларын осында жаттықтыратынын айтады.

«№80 мектептің жанында спорт комплекс ашылып жатыр. Ашылу салтанаты жақында деп айтты. Өзім де, бала-шағам да спортты қолдаймын. Әрине, осы спорт ғимараты ашылса, міндетті түрде мен де болам бала-шағаммен», – деді қала тұрғыны Нұрғазы Жұмабаев.

«В нашем районе началось строительство ФОК.  Мы все его очень ждем. Потому что у нас очень много деток, которые будут заниматься спортом и развиваться», – деді қала тұрғыны Валерия Пономарева.

«Балаларымызды алысқа апармайтын болдық. Үйдің қасында, өте жақсы. Спорт деген өмірді ұзартады. Кепілдігі ғой. Осы жерден балаларымыз дайындалатын болды. Өте жақсы болды. Тамаша!» – деді қала тұрғыны Рая Ажығалиева.

Еліміздің спорт саңлағы Қорлан Жақанша мұндай нысандардың көбеюі алдымен жаңа буынға, болашақ ұрпаққа қажет екенін айтады. Расында да, балалар мен жас өспірімдердің алысқа сабылмай, спортпен үй маңында айналысқаны абзал емес пе? 

«Біріншіден, Алматы қаласының инфрақұрылымына, қала тұрғындарына, салауатты өмір салтын ұстануына өте керемет. Осындай ғимараттар әр ықшам аудандарында соғылып жатыр екен. Қаланың шетіне емес, қаланың дәл ортасына баратын емес, өз ауданына деген сияқты. Бұл қуанатын жағдай біз үшін», – деді ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Қорлан Жақанша.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен бөлек қалада жеке қаржы есебінен Түрксіб ауданында көп салалы спорт кешені, Бостандық ауданында Теннис орталығы және Әуезов ауданында күрес мектебінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Өмір Әнуарбек, Нұрбол Қызықбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир