Алматыда «QazVac» вакцинасын алуға ниет білдірушілер қатары артуда. Соңғы тәулікте шаһарда отандық екпені салдырғандар саны 316 адамға жетіп отыр. Осы тұста, сауда орталықтарының вакцина алған қызметкерлері де халықты екпе алуға шақыру науқанын ұйымдастыруда. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.
Алматы шаһарында халықты жаппай вакцинациялау науқаны қарқынды жалғасуда. Кеше 28 сәуірде Бостандық ауданында орналасқан мына сауда орталығына отандық «KazCovidIn» вакцинасының алғашқы дозалары әкелініп, егу жұмыстары басталған. Бүгінде қала тұрғындары белсенділік танытып, таңғы сағат 08.00-ден бастап, мына электронды тақтайшада көрсетілгендей, 143 азамат екпе салдырған. Оның ішінде 8 қала тұрғыны отандық вакцинаны алған.
26 сәуірде Алматыға «QazVac» вакцинасының 6 мың дозасы әкелініп, қаладағы барлық егу пункттері ресейлік және отандық вакцинамен қамтылған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстандық екпені алғандар қатарында кері әсерге шағым жасағандар әлі тіркелмепті.
«Келген адамдар жалпы өздері таңдай алады қай вакцинаны алуды. Спутник болса, «Спутник V» салынады, қазір бізде жеткілікті. «QazVac» болса, соны саламыз. Егер науқастар бізге салғызып кеткеннен кейін немесе осы жерде салған уақытта, үйіне қайтқан кезде өздерін дұрыс сезінбесе, бізге келіп көрінеді», – деді №4 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Әйкерім Биболаева.
Жалпы бұл егу пунктінде 10 сәуірден бастап, 5,5 мыңнан аса адам екпе салғызыпты. Ал, соңғы тәулікте отандық вакцинаға сұраныс көбейген. Осылай, үш күн ішінде «QazVac»-ты ектірген алматылықтар саны 300-ден асқан.
«Қазақстандық вакцинаны алу үшін келдім. Өйткені ол вакцина туралы біраз оқыдым және Қазақстандық ғалымдардың жұмысын қолдағым келді», – деді қала тұрғыны Анель Ержанова.
«Отандық өнімді «QazVaс»-ты қабылдадым. Бәрі жақсы, күшті. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Қорықпай, қабылдаңыздар!» – деді қала тұрғыны Дәурен Тынысбекұлы.
Вакцинациялау науқанына сауда орталығы қызметкерлері де белсене қатысуда. Жалға алушылар «екпе салғыздық» деген қағазды сауда нүктелеріне жабыстырып, халықты екпе алуға шақыру науқанын ұйымдастырған.
«Салонда қызметкерлеріміздің басым көпшілігі вакцина алды. Себебі бірінші байлық – денсаулық. Екпе егілгені туралы хабарландыруды көрген тұтынушы да өз денсаулығы үшін уайымдамайды», – деді сұлулық салонының қызметкері Наиля Экен.
Бүгінде мегаполистің 202 мыңнан аса тұрғыны вирусқа қарсы екпе алған. Қазір шаһардың барлық аймағында 211 егу пункті жұмыс істеп тұр және бұл шаруаға 1809 медицина қызметкері жұмылдырылған.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы