Кеше халыққа есеп берген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев әр тұрғынның арыз-шағымын, талап-тілек, ұсынысының бәрін қабылдап, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп отырды. 4 сағаттан көп уақытқа созылған онлайн шарада мыңнан аса сұрақ түссе, 60 тан астамына әкім тікелей эфирде жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Солардың бірі Наурызбай ауданы «Құрамыс» ықшам ауданының тұрғыны қала әкіміне 14 үй кәріз желісіне қосылмай, қалып қойғандығын айтып хабарласты.
«Қамбар батыр көшесінің төменгі жағындағы 14 үй тұрғындары 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған кәріз жүйесін жүргізу жоспарынан тыс қалып қалдық. Басқа көшелерге кәріз жүйесі толық жүргізіліп бітті. Біздің жазған өтінішімізге Алматы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы және Наурызбай ауданы әкімшілігі бір-біріне сілтеп, біз жоспарға ілінбей қалдық. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ғұмырбек Тойкенов.
Наурызбай ауданының әкімі 7 бірдей ықшам ауданда су және кәріз жүйелерінің жүргізіліп жатқанын айта келе, «Құрамыстағы» орталықтандырылған құбырға қосыла алмай қалған ондаған үйдің жайын білетінін айтты.
«Біздің кәріз жүйелерінің трассалогиясынан жоғары жақта, жота жақта тұр. Жоғары жаққа қарай кәріздің желісін көтере алмаймыз. Бұған жаңа жоба жасау керек. Қазір басқармамен осы мәселені талқылап жатырмыз. Биыл жаңа жобаға өтініш береміз. Содан кейін шешіледі деп ойлаймыз», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.
Ал «Шаңырақ-2» шағын ауданының тұрғыны зум байланысы арқылы хабарласып, қоқыс тастайтын жәшіктердің жоқтығынан аймақтың ластанып жатқанын айтып шағымданды.
«Шаңырақ-2 ауданында қоқыс жәшіктері жоқ. Қоқыстар көрінген жерде шашылып жатады. Шаңыраққа кіріп келген жерде тамақтың қалдықтары, тұрмыстық техникалар, бетперделер шашылып тұр. Тұрғындар адам басына 550 теңгеден төлейміз, не үшін төлеткізеді? Кім жауап береді», – деді қала тұрғыны.
«Шаңырақ-2 ауданында қоқыс аптасына 1 рет кесте бойынша тазаланады. Бірақ аталған көшеге барып, тексеріп, мердігер мекемеге айыппұл салатын боламыз. «Алматыгоркомхоз» мердігер мекемесі қоқысты тазалайды», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Осы тұста Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.
«Осы мәселені бақылауға алуды сұраймын. Жаңағы «ыдыссыз әдіс» деген тек Шаңырақта емес, қаланың орталық жағында да бар. Ол дегеніміз үйдегі қоқыстың бәрін бір дорбаға салып, есіктің алдына шығарып қояды да, мердігер компания алып кетуі тиіс. Бір күн келмесе айналадағы қаңғыбас иттер шашып тастайды. 19 жылдан бері осы мәселені айтып келе жатырмыз. «Ыдыссыз әдіс» дегеннен айырылу керек», – деді қала әкімі.
Көпшілікті алаңдатқан өзекті мәселеге қатысты қалалық тұрғын үй саясаты басқармасындағылар мердігер мекемелердің жұмысын қатаң бақылауға алатынын жеткізді.
«Аталған мәселе бойынша тікелей эфирден кейін сол «Шаңырақ 2» шағын ауданындағы тұрғынмен сөйлесіп, үй жағына барып, бүкіл сұрақтарына жауап беріп, «ыдыссыз әдіс» бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселені шештік. Қазіргі уақыта бұл әдіс бойынша қаладан қоқыс шығаратын 25 мердігер мекеме бар. Бүкіл мердігер мекемемен жиналастар өткізіліп, осы мәселені қазір қатаң бақылауда ұстап отырмыз», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Елдос Жалғабаев.
Осылайша, халыққа есеп берген шаһар басшысы алматылықтардан келіп түскен сұрақтардың оңтайлы шешім табуына септесіп, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы