Алматының индустриалды аймағында отандық өнім өндіретін тағы бірнеше зауыт ашылады

21.05.2021 в 00:59

Жобалардың жүзеге асуына 40 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған

Алматының индустриалды аймағында 9 зауыт өндіріс жұмыстарына дайын. Жобалардың жүзеге асуына 40 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Жаңадан салынған өндіріс ошақтарында газобетон, жылыту және сантехника құралдары, электр бұйымдары мен қондырғылар өндірілмек. Осылайша елімізде инновациялық өнімдер шығару қарқыны артып, импортты отандық өнімдермен алмастыруға жол ашылады. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев индустриалды аймақтағы бірқатар нысандарды аралап, кәсіпорындардың дайындығын тексерді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады.

Экономиканың діңгегі саналатын инновациялық, инвестициялық жобаларға мемлекет тарапы басымдық беріп, шағын кәсіпкерлерден бастап ірі инвесторларға дейін қолдау жасаған. Осы орайда Алматының индустриалды аймағында 60-қа жуық ірі компания орналасқан.  Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бірқатар кәсіпорынды аралады. Мегаполис басшысы алдымен құрылысын аяқтап, жұмысқа кірісіп кеткен газобетон өндіретін зауытқа ат басын тіреді. Мұнда күніне 200 текше метр кірпіш өндіріледі.


«Бұл учаске бізге әкімдік тарапынан арнайы бөлініп берілген еді. Бірнеше ірі құрылыс компанияларымен және жеке тапсырыс берушілермен жұмыс жасап жатырмыз. Алматы мен Алматы облысының газоблокқа деген сұранысын 30 пайызға дейін жаба аламыз. Сондай-ақ, Қырғызстанға, Жамбыл облыстарына экспорт жасаймыз», – деді зауыт директоры Әділет Төлемісов.

Тағы бір газобетон шығаратын зауыт іске қосылуға әзір. Зауыт жылына 100 мың текше метрге дейін материал өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 85 жұмыс орны ашылмақ.

«Ешқандай импорт өнім болмайды. Негізгі материалдардың бәрі отандық өнім. Құрамында әк, гипс, құм болады», – деді зауыт директоры Сабыржан Мұхамедхан.

Ал мына зауыт күніне ұзындығы 100 км-ге дейін кабель шығара алады. Шығарылатын өнімнің 98 пайызы отандық материалдардан құралған. Қазір мұнда 100-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр.

Зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін мыстан жасалған кабель сымдарын өндіреді. Кәсіпорын елдің электрокабельге деген  сұранысын толық жабуды мақсат етеді.

«Елімізде кабельдік өнімдердің сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда шетелден 1,5 миллиард долларға кабель жеткізілген. Оның көбісінің сапасы сын көтермейді. Салдарынан тұрмыста өрт тұтануы фактілері жиі кездеседі. Сондықтан мемлекеттің қолдауы отандық кәсіпорындарға ауадай қажет», – деді Кабель жасайтын зауыттың директоры Андрей Приходько.

Бұдан бөлек қала әкімі коронавирусты, есірткі заттарын және де түрлі ауруларды диагностикалауға арналған тест шығаратын зауыттың құрылысын көрді. Артынша, бір реттік медициналық өнімдер, яғни шприц, маска, хирургиялық құралдар шығаратын кәсіпорынға барды. Өндіріс қарқынын арттыру мақсатында былтыр зауыт индустриалды аймаққа көшірілген болатын. Нәтижесінде 50 жұмыс орны ашылған.

Аллюминий мен металлдан жасалған радиаторлар шығаратын тағы бір зауытты көрген қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл жұмыстарға жас мамандарды тарту мәселесіне назар аударды. Мұнда өндірісті күзде іске қосу жоспарланып отыр.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы